Қазақстандықтар енді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше кез келген елден несие ала алады. Олар да біздің екінші деңгейлі банктерден кредит алуына болады. Сенат бүгін одаққа мүше елдер кредит тарихы бойынша ақпарат алмасу жөнінде келісімді мақұлдады. Бұл - одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мен трансшекаралық кредиттеуді дамыту үшін бағытталған.Сергей КАРПЛЮК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Несие тарихын бөлісу не үшін қажет? Біріншіден, бұл қарыз алушылар үшін банктік қызметтерге қолжетімділікті арттырады. Басқаша айтқанда, оларға Еуразиялық одақтың кез келген елінің банкінен несие алу оңайырақ болады. Екіншіден, бұл банктердің өзін қорғайды. Банк қарыз алушының төлем қабілетіне көз жеткізе алады. Тәуекелдерді азайтады. Қазірдің өзінде 2 мыңға жуық шетел азаматы Қазақстандық банктерден несие рәсімдеген. Еліміздегі қаржы ұйымдарына 120 миллиард теңге қарыз. Берешекті өтемеген жағдайда оны өндіріп алу банктің саясатына байланысты жүргізіледі. Мәселен, біздің банктер төлем жасамай жүрген Ресей немесе Армения азаматының шотын бұғаттай алады. Олжас ҚИЗАТОВ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өзге елдің резиденті Қазақстан банкінен несие алып, оны төлей алмай қалса, Қазақстанның банк заңнамасы бойынша жұмыс істейміз. Бұл енді стандартты банк тәжірибесі. Әр банктің ішкі несие саясатына байланысты. Бірақ енді қалай болғанда да, инфляциялық процестер елімізбен бір деңгейде болады. Сыйақының жылдық мөлшерлемесі бір-бірінен қатты ерекшеленбейді деп ойлаймын.