Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің есебін тыңдады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.Министр Президентке Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарында қазақстандық құтқарушылардың жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстары туралы баяндады. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қиын жағдайларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыса отырып, жоғары кәсібилік танытып, өз міндеттерін нәтижелі атқарып жатыр. Әзірге аман қалған 4 адам құтқарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құтқарушылар мен кинологтар тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін бүгін таңертең Хатайға жетті.