Қазақстандықтардың ислам банктеріндегі депозиттері қорғалмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Себебі, банк жабылса, салымшылардың ақшасы қайтарылмауы мүмкін. Исламдық қаржыландыру Қазақстандағы негізгі қаржылық бағыттардың бірі. Ол дәстүрлі банкингке қарағанда бірқатар ерекшеліктерге ие. Өйткені ол шариғат қағидаларына негізделген. Солардың ішінде маңызды қағидаларға атап өтер болсақ: - ақшаны саудалауға және пайыз алуға тыйым салынғандығы; - ақшаны жұмсауға қатысты тәуекелдің капитал иесі (инвестор) мен капитал берілген тұлғаға (кәсіпкер) үлестірілуі; - шариғат қағидаларына сәйкес белгілі бір қызмет түрлерін (темекі, спирттік ішімдіктер, қару-жарақ өндірісі және т.б.) қаржыландыруға тыйым салынғандығы; - бөгденің мүлігін иемденуге және борышты сатуға тыйым салынғандығы. Банктердің ақша тартудағы исламдық құралдарын кәдімгі, классикалық депозиттер деуге болмайды. Оны керісінше қаражатты банк пен клиенттің қандай да бір жобаға бірлесіп инвестициялауы деуге саяды. Бұл ретте тәуекел капиталдың иесі (инвестор) мен капитал берілген тұлға (кәсіпкер) арасында бөлінеді. Қазақстанда исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша жұмыс істейтін екі ислам банкі бар. Олар: "Al-Hilal" АҚ және "Заман-Банк" АҚ. Соңғы 5 жылда (2019-2023 жылдары) ислам банктері активтерінің орташа өсімі 19,4%-ды құрады, ал басқа дәстүрлі банктер бойынша орташа өсім – 13,7% болды. Қазақстанда қызмет атқаратын ислам банктеріндегі депозиттерге кепілдік берілмейді. Мұның негізгі себептері мыналар: - Қазақстанның банк жүйесінде ислам банктері үлесінің аз болуы және олардың негізінен корпоративтік шетелдік компаниялармен жұмыс істеуге бейімделгендігі; - ислам депозиттері бойынша білікті және кәсіпқой кадрлардың жетіспеуі, сәйкесінше бұл сақтандыруды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді; - ислам банктерінде бөлшек саудалық, яғни жеке клиентке қатысты бағыттағы жұмыстар, оның ішінде халыққа арналған қаржылық өнімдер туралы халықты хабардар ету механизмі әлсіз дамыған. Жалпы Қазақстанда ислам банкингін дамыту келешегі бар бағыт болып саналады. Бұл бір жағынан халықтың бір бөлігінің ерекше, өзіндік бір қаржы құралдарына деген қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталса, екінші жағынан Қазақстанның қаржылық қызметтер көрсету нарығында бәсекелестіктің дамуына септігін тигізеді.