ҚР Сауда және интеграциялар министрі Серік Жұманғарин ерте піскен пияз бен картопты импорттау жұмыстары жайлы мәлімет берді.«Ішкі нарықты толтыру үшін биылғы мамыр-маусым айларында ерте импортталатын көкөністерді жеткізу мәселесі пысықталуда. Әзірге «Тәжагропромэкспорт» 50 000 тоннаға дейін ерте пісетін пиязді жеткізіп беруге дайын. Пияз жеткізуді ұйымдастыруға «KTZ Express» АҚ – «KZTE Commerce» филиалы тартылды. Бұл компания пиязды орталықтан сатып алуды, кедендік тазартуды, тауар қабылдауды және оны аумақтық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға бөлуді ұйымдастырады», - деді Серік Жұманғарин Үкіметтің бүгінгі отырысында. Жергілікті атқарушы органдар мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар Сарыағаш станциясынан тауарды уақтылы алып, өңірлерге жеткізуді және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, «UZKAZTRADE» компаниясымен бірлесіп, жеткізуді қосқанда құны 130 тг/кг болатын қырыққабатты Өзбекстаннан сатып алу мәселесі қаралды. «Түркістан облысының фермерлері де ерте піскен қырыққабатты осындай бағамен сатады. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Өзбекстаннан қырыққабат сатып алудан бас тартылды. Қырыққабат өндірушілері туралы ақпарат барлық аймақтарға жеткізілді. Егістік басындағы өнім бағасы мамыр айында арзандай береді деп күтілуде. Нарықты ерте картоппен қамтамасыз ету үшін Пәкістан мен Өзбекстаннан жеткізу пысықталуда», - деп толықтырды С. Жұманғарин.