Қазақстанда электромобильдерге арналған жаңа стандарттар бекітілді. Енді әр елді мекенде зарядтау станциялары болуы керек. Басқа да өзгерістер туралы KAZ.NUR.KZ жазады. Қазақстанда электромобильдерді кеңінен таныту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Олардың иелері үшін әртүрлі жеңілдіктер, соның ішінде салық жеңілдіктері де қарастырылған. Алайда дамыған инфрақұрылымның жоқтығынан экологиялық таза көлік түріне көшу мүмкіндігінше баяу жүріп жатыр. Бұл жағдайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті бекіткен электромобильдерге арналған жаңа міндетті нормалар түзете алады. Жаңартылған ережелере сәйкес, электромобильдерді қуаттау құрылғылары енді еліміздің әрбір елді мекенінде болуы тиіс. Олар автотұрақтарда, жанар-жағармай құю станцияларында, техникалық қызмет көрсету станцияларында, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарында, сондай-ақ тұрғын, қоғамдық-іскерлік және өндірістік аумақтарда орналасуы мүмкін. Айта кетерлігі, жанар-жағармай құю бекеттерінде мүгедектер арбасын пайдаланатын мүгедек жандарға қолжетімді кем дегенде бір қуаттайтын құрылғы болуы керек. Сонымен қатар мұндай қуаттағыштар барлық қауіпсіздік талаптарына жауап беруі тиіс: IP-54 кем емес қорғаныс дәрежесі (шаң мен ылғалдан қорғау) және қорғаныш ажырату құрылғысының болуы. Сондай-ақ әрбір автотұрақта электромобильдерге арналған орын болуы керек, сондай-ақ әрбір осындай тұрақта қуаттағыш құрылғылар орнатылуы тиіс. Бір қызығы, отқа төзімділік деңгейі 1 немесе 2 болатын жабық тұрақтарда электромобильдерге арналған орындар бірінші деңгейде орналасуы және автоматты өрт сөндіру жүйелерімен жабдықталуы қажет. Бұған дейін жабық тұрақтарда қуаттайтын құрылғы орнатуға тыйым салынған болатын. Осылайша, салықтан босату сияқты түрлі жеңілдікпен қатар, қазақстандық электромобиль иелері дамыған инфрақұрылымның арқасында көлікті жайлы пайдаланулары мүмкін.

Қазақстанның барлық өңірінде электромобильдерге арналған қуаттайтын құрылғылар орнатылады
Жаңалықтар


































