Көлік министрлігінің ахуалдық орталығында Түркістан және Жамбыл облыстарындағы қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты жедел штаб құрылды. Бұл туралыведомствоның Facebook парақшасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің айтуынша, бүгінде қолайсыз ауа райына, жолдың көрінбеуіне және секундына 43 метрге дейін желдің күшті екпініне байланысты Машаттан Шақпақ бабаға дейінгі бағытта жол жүру қиындай түсті. Жол қызметтері тазалау жұмыстарын белсенді жүргізуде, бірақ жолдың көрінбеуінен бұл үрдіс қиынға соғуда. Жамбыл облысынан Шымкент қаласына дейін көлік қозғалысына шектеу қойылды. Салдарынан көлік кептелісі туындаған. Жергілікті органдар ТЖ қызметімен, жол полициясымен және жол қызметтерімен бірлесіп, жүргізушілер мен жолаушыларға ыстық тамақ ұйымдастырды. "Шақпақ баба учаскесінде 35-ке жуық автокөлік қар құрсауынан шығарылып, жылыту пункттеріне жіберілді. Ауа райы болжамы қолайсыз жағдайлардың келесі күні ғана аяқталатынын көрсетеді. Автокөлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін жақын маңдағы елдімекендерден, соның ішінде ірі қалалардан сапарғк шығудан бас тартуды сұраймыз", - делінген хабарламада. Сондай-ақ ведомство өкілдері адам жолда қалған жағдайда әрі қоңырау шалу мүмкіндігі болмаған кезде 1403 нөмірі бойынша қоңырау шалуға шақырды. Ведомство мәліметінше, call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді.