Қазақстанда әзірленген материал жолдамұздың пайда болуының алдын алады, асфальтты бұзбайды және экологияға зиян келтірмейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Астанада өтіп жатқан жол көрмесінде жақында патенттелген көктайғаққа қарсы материалдың тұсаукесерін өткізді. Аталған материалдың басты ерекшелігі – төмен температураның кең диапазонында мұзды еріту қабілеті, яғни 0-ден -30°C-қа дейін. Сонымен қатар құрамындағы кальций өз кезегінде бетон жабындарының беріктігін нығайтады және олардың бетін қабыршақтанудан қорғайды, ал фосфор жол бойындағы жасыл кеңістіктерге жағымды әсер етеді. Өнертабыс авторларының айтуынша, аталған жаңашылдықтың мұзға қарсы басқа сұйықтықтардан айырмашылығы – жаңа реагент формуласында жолдарды бұзатын, өсімдіктерді кері әсер ететін және көлікке зақым келтіретін натрий хлориді, яғни қарапайым тұз жоқ. «Біз -10°C дейін жақсы жұмыс істейтін көктайғаққа қарсы шетелдік технологиялар мұзды жартылай ғана ерітетінін және температураның одан әрі төмендеуімен еріген су қайтадан қатып қалатынын байқадық. Бұл өз кезегінде көктайғаққа әкеп соғады. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін біз көктайғаққа қарсы жаңа материал әзірледік. Оның құрамы мұзды тез ерітеді және оның -30°C дейін орнығуына жол бермейді. Материалдың тиімділігі мен артықшылықтарын көріп, танысқысы келетіндерді институт зертханасында шақырамыз», дейді «ҚазжолҒЗ» АҚ баспасөз қызметінің өкілдері. Тәжірибелік учаскеде сынақтан өткеннен кейін ғылыми институт инвесторларды тартуды және көктайғаққа қарсы жаңа құралдың өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.