Иә, алаяқтардан айла аспай тұр. Тіпті мобильді қосымшалар арқылы банкті де сазға отырғызып кеткендер бар. Онсыз да берешегі жоқ, кредитсіз күн кешіп жүргендерді кезіктіру қиын. Керісінше, бір басында бірнеше несиесі бар, қарызға белшеден батқандар жетерлік. Қылт етсе банк есігін қағудың салдары. Оның үстіне микроқаржы ұйымдары табысыңызға қарап жатқан жоқ. Қалтасы қалыңдар кредит алмайтыны анық қой. Мәжіліс депутаты Елнұр Бесенбаевтың да қызыл кеңірдек болуы бекер емес. "Кедей халықтың табысы артты" деген статистикаға сенбеймін деп шырылдады. Бекболат Сатуов сөз алады, "экономика" топтамасында тарқатады.Соңғы бір жылда банктер мен микроқаржы ұйымдарды сан соқтырған 11 мыңға жуық алаяқтық тіркелген. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты. Оның сөзінше, аляқтар несие рәсімдеуде онлайн платформаның мүмкіндігін пайдаланып отыр дейді. Сондықтанда агенттік басшысы бұл тұрғыда былтыр микроқаржы ұйымдарына қарыз алушыны нақтылауға қатысты талаптар айтарлықтай күшейтілгенін айтты. Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұл жерде мәселе ақпараттық қауіпсіздікке және қаржы мекемелерінің өз жүйелерінің қауіпсіздігіне қатысты. Осы мақсатта биыл құқық қорғау органдарымен, Ұлттық банкпен бірлесе отырып, несиеге қатысты алаяқтық схемаларына қарсы іс-қимылдың Жол картасы әзірледі. Онда киберқауіпсіздікті күшейтетін бірқатар қадамдар қарастырылған Елімізде несие алушылардың саны көбейген. Мамандар зерттеп көрді. Көпшілігі проблемалық қарызын жабу үшін жүгінген екен. Сондықтан берешегін өтей алмағандарға жаңа кредит беруге тыйым салынады. Қазақстанда жаңадан тағы екі банк құрылуы мүмкін. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу агенттігі хабарлады. Ол үшін қазір заңнамаға түзету енгізу көзделіп отыр. Агенттіктің мәліметінше, ниет білдірген екі бірдей микроқаржы ұйымдарының банкке айналуына мүмкіндігі зор деді. Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: KMF және Solva қаржылық ұйымдары. Олардың портфелі бар, капиталдың жеткіліктілік деңгейі олардың банкке айналуына мүмкіндік береді. Өткен жылы тиісті заңнамалық түзетулер енгізілген. Ол микроқаржы ұйымының лицензиясынан өтпей-ақ өзгертуге мүмкіндік беретін құжаттар қабылданды, өтініш беріп, конвертация жүргізіп,банк лицензиясын алуға болады Кедей халықтың табысы артты дегенге ешкім сенбейді. Бүгін депутат Елнұр Бейсенбаев мәжілісте Статистика бюросының деректеріне шүйлікті. Мәжлісмен ресми мәліметтерде Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал, жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейді деді. Сондықтанда, «Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсініп жүрме деп сынға алды. Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАНАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес. Оған қоса, осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтындығын көрсеткен болатын. Яғни, инфляцияның өсуі, экономикалық тәуекелдердің артуы жағдайында аталған кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді