Көпшілікке "Келінжан" телехикаясындағы Балқия рөлімен ерекше есте қалған театр актрисасы Нұргүл Мыңғатова отбасылық өмірі жайлы құпиясын бөлісті. "Қыздар-ай" бағдарламасында актриса нағашыларының қолында өскенін жасырмай айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ. "Семей облысы, Аягөз қаласынанмын. Алтыншы сыныпта Алматыға көшіп келдік. Балалық шағым нағыз ауылда өтті. Нағашы апам мен атамның қолында өстім. Өзімнің әкем бала кезімде өмірден озды. Әкемді толықтай көріп үлгермедім. Бір себептерге байланысты мен нағашыларымның қолында өстім. Әкем негізі Өскеменнің тумасы. Анам Аягөзге келгендіктен, бәріміз сол жақта болдық. Анаммен қазір қарым-қатынасым өте керемет, құрбымыз. Анам барлық жағынан мені қолдап келе жатыр. Нағашыларыммен де, әкемнің туыстарымен де жақсы араласамыз. Есімді білген кезде мен ауруханада жаттым. Сол кезде әкем мені іздеп келіп, жолықтыра алмай кетті. Әлі күнге дейін "Неге таппады. Неге көре алмай кеттім" деген өкініш бар. Үйде өзі екеуміз. Бірақ ағам көріп үлгерді. Әкем - Қатонқарағайда, анам - Аягөзде болды. Қазір сағынамын. Кішкентай кезде іздейтінмін, ойлайтынмын", - деді Нұргүл Мыңғатова. Сонымен қатар Нұргүл Мыңғатова ұлын әлі күнге көпшілікке көрсетпей жасыруының себебін айтты. "Бәрі жақсы. Жеке өмірімді толықтай айтпаймын. Оның да өз уақыты келеді. Әкесі ұлыма әкелік қамқорлығын көрсетеді. Шоу-бизнеске де, өнерге де қатысы жоқ. Жеке өмірімде бәрі дұрыс. Мен балам Шиқылдақты да көп көрсетпеймін ғой. Мен үшін ол әлі кішкентай. Өнер адамы болғаннан кейін көп адам оқиды, қарайды. Бәлкім, кішкентай балаға көз өтеді дегенге сенетін шығармын", - деді актриса. Бағдарлама барысында Жанар Айжанова актрисадан "Түсінбей отырмын, сен тұрмыстасың ғой? Бірақ, балаң анаңның қолында", - деп сұрады. Ал Нұргүл Мыңғатова тележүргізушінің бұл сауалын растады. "Иә, тұрмыстамын. Анам зейнетте болғаннан кейін, бос отыр. Балама көбінесе сол кісі қарайды", - деді Нұргүл Мыңғатова.