«ПСЖ» шабуылшысы Килиан Мбаппе Франция чемпионатында өз командасының 3 мыңыншы голын соқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, «ПСЖ» Франция біріншілігінде осындай көрсеткішке қол жеткізген 12-клуб атанды. Бұл үшін париждіктерге 1 858 матч қажет болды. Тек, «Марсель» (1 801) мен «Сент-Этьен» (1 816) ғана аз ойындарымен осындай межеге жетті. Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе ел чемпионатының 27-турында, сырт алаңда «Брестпен» (2:1) өткен матчтың 90-минутында жеңіс голын енгізді. Бұл – команданың чемпионаттағы 3 мыңыншы голы еді. Биылғы біріншілікте Мбаппе 23 кездесуге қатысып, 19 голмен бірге 3 нәтижелі пастың авторы атанды. Осы ойыннан кейін 66 ұпай жинаған «ПСЖ» екінші орында келе жатқан «Марсельден» 11 ұпайға ұзап кетті. Келесі турда, 19 наурызда «ПСЖ» «Ренн» командасын қабылдайды.