Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Үкімет сағатында сауда орталықтарындағы жүйені ретке келтіру керегін ұсынып, Forbes тізіміне енген сауда үйлері қожайындарының салықтан жалтарып жүргенін айтты.«Арман Абайұлы (министр Шаққалиев – автор), жаңа сіз кооперативтік дүкен құрам дедіңіз. Сізге ерекше алғыс айтайын деп отырмын. Егер оны құрсаңыз, онда тарихта алғашқы министр болып қаласыз. Ірі сауда орталықтары туралы сұрақ қойып келіп отыр. Бүгінде бағаның көтерілгеніне осы сауда орталықтары мен сауда үйлері кінәлі, олардың қожайындары кінәлі деп ашық айта аламын. Бүгінгі таңда ірі сауда орталықтарының қожайындарының барлығы Forbes тізіміндегі олигархтар. Олар қоғамның ешбір талабына бағынбайтын мемлекеттің ішінен мемлекет құрып алған», - деді депутат. Баққожаевтың айтуынша, 2018 жылы сауда орталықтарындағы бутиктерді жалға беру құны 1 шаршы метріне 4 мың теңге болса, қазір 21 мың теңге. Яғни 5 есе өскен. «Нәтижесінде киім-кешектің бағасы жыл сайын өсіп жатыр. Мысалы, 2018 жылы шұлықтың бағасы 300 теңге болса, қазір 1 500 теңге. Көп бутикте есептеуіш құрал жоқ. Соны пайдаланып, сауда орталықтары коммуналдық төлемдерге ойына келген бағаны қояды. Араны ашылғаны соншалық олар (сауда орталықтарының қожайындары – ред.) жалға беру бағасын қымбаттатып, 2-3 айға алдын ала депозит талап етеді. Осылайша маңдайы терлемей, миллиардтап пайда тауып отырған сауда орталықтары мемлекетке салық төлемеудің де амалын жақсы ойластырған. Олардың басым бөлігі жалға беру ақысын қолма-қол ақшамен алады немесе бутиктерде өздері ашып қойған жеке кәсіпкерлік (ИП) арқылы қосымша жалға беріп, кірістерін жасырып отыр», - деді депутат. Ол атағандай, осының барлығына наразы болған саудагерлерді «сауда үйінен шығарып тастаймыз» деп қорқытып отыр. «Жұмыссыздықтың кесірінен амалсыз саудаға кеткен халық, осылайша, сауда орталықтарының айтқанына көніп отыр. Осы сауда орталықтарын қашан ретке қоясыздар? Сауда орталықтарында саудагерлермен бірігіп, қоғамдық бақылау орнатып, салықтық ревизия жасауға дайынсыздар ма?» – деп сұрады Анас Баққожаев Сауда және интеграция министрінен.