Әлеуметтік желіде біраз жыл бойына жөндеу көрмеген ауыл мектебінің видеосы тарадыСолтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Петров орта білім ордасы апатты жағдайда тұр. Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған видеодан көруге болады. Бейнежазба авторының айтуынша, Білім басқармасы аталған мәселеге назар аудармай отыр, деп хабардайды Azattyq Ruhy.Видеоны Петров орта мектебінің қызметкері түсірген. Оның баласы осы білім ошағында оқып жүр. Мектепте оқушылар әлі күнге дейін кеңес одағынан қалған патраларда отырады, өзге жабдықтар да еш жаңартылмаған. «ХХІ ғасырда балаларымыз 70 жылдардағы оқу құралдары мен парталарын пайдаланып отыр. Неге біздің елімізде ауыл мектептеріне көңіл бөлінбейді? Неге мұғалімдер мен оқушыларға білім алуға жағдай жасалмайды? Қажетті құрал-жабдықтармен неге қамтамасыз етілмейді? Неге балаларымыздың Констититуциялық құқығы бұзылып жатыр?», - дейді ол. Оның сөзінше, мектеп ғимаратының терезесі 11 жыл бұрын пластикке ауыстырылған. Бірақ тек бір жақ беті ғана. «Ол терезелердің өзі сапасыз жасалған. Неге ешкім бақыламаған? Сол жылы-ақ терезелер мен қабырғаның арасынан жел уілдеп тұрды. Мұғалімдер мектеп суық болған соң, оқушыларға күртемен отыруға рұқсат береді. Бірақ сырт киіммен де олар тоңып отырады», - деп ренішін айтты. Автордың пікірінше, білім басқармасы жөндеу жұмыстарына бюджеттен ақша бөлмей отыр. Спорт залды демеушілер жөндеп берген. Тайынша аудандық Білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлжан Кәрменовадан мәселенің мән-жайын сұрадық. «Мектеп күрделі жөндеуден өтуі керек. Мәселенің бар екенін білеміз. Негізі биыл бюджеттен ақша бөлетін едік. Бірақ бастапқыда осы мектепті жекеге өткізетін болдық. Желілік Абай мектептері Петров орта мектебін мемлекеттен сатып алып, жөндеу жұмысын өздері жасайтын болған. Кейін бұл бастама жүзеге аспай қалды. Жекеге өтпейтіні белгілі болған кезде комиссия отырысы өтіп кеткен еді. Сондықтан бюджеттен ақша ала алмадық. Бюджетте ақша жоқ екен деп қарап отырған жоқпыз. Демеушілермен келісіп, сметалық құжаттарын жасаттық. Сол сметалық құжаттарға сай 2024 жылы бюджеттен ақша бөлінеді. Сметалық құжаттамаға сәйкес, 610 миллион теңге бөлінбек», - деді ол. Біз Гүлжан Қанатқызынан Петров мектебі биылғы бюджетке неліктен ілінбей қалды және комиссия күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерді қандай критерийлер бойынша анықтайтынын сұрадық. Білім бөлімінің өкілі бұдан да қиын жағдайдағы білім ошақтары бар екенін алға тартты. Екінші себеп ретінде бала санының аз екенін айтты. Гүлжан Карменованың айтуынша, мектепті жөндеу жұмыстарына демеушілерді тарту заң шеңберінде жүзеге асып жатыр. Мұндай практика бар дейді ол. «Жөндеу жұмыстарына демеушілерді тартамыз. Бұл білім саласында бар практика. Өңірде кәсіп жасап, пайда тауып отырған кәсіпкерлер мектеп, аурухана сияқты мемлекеттік мекемелерге көмек қолын созуы жақсы емес пе?», - дейді ол. Гүлжан Қанатқызынан кеңес одағынан қалған парталар мен тақталардың неліктен әлі күнге дейін жаңартылмағанын сұрадық. «Мектептегі парталардың барлығын ескі деуге болмайды. Күрделі жөндеуді жүргізбесек те, аз-аздан жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Демеушілермен бірлесіп парталарды күрделі жөндеу басталғанға дейін ауыстыруға тырысып жатырмыз», - дейді ол. Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше, Петров орта мектебі ғимараты 1984 жылы салынған. Білім ордасында 175 оқушы білім алады. 16 мектепалды даярлық сыныбы бар. Оқу ордасында ішінде шағын орталық бар. Оған 26 бала қатысады. 29 педагог қызмет етіп жүр. Жергілікті жердегі білім басқармасы мектептің жағдайы соншалықты мүшкіл емес, 2012 жылы ғана күрделі жөндеуден өткен деп отыр. «2012 жылы 14,8 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Батареялар мен жылыту құбырлары, терезелер ішінара ауыстырылды», - деді басқармадан. Сондай-ақ басқарма демеушілер есебінен сметалық құжаттар жасалғанын растады. «2022 жылы «Агрофирма-Эксимнан» ЖШС демеушілік көмек есебінен Петровка ОМ күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленді. Бүгінде Петровка орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу туралы екі жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Оның ішінде ғимараттың сыртын жөндеуге, шатырын, кіреберісін және терезелерін ауыстыруға 250 миллион 279 мың теңге қарастырылған. Ал ішкі әрлеуге, сумен жабдықтау, кәріз, жылыту мен желдету құрылғыларын, электр жарығы, өрт дабылы, еден мен есіктерді ауыстыруға 360 миллион 147 мың теңге көзделіп отыр»,- делінген мәлімдемеде. СҚО Білім басқармасы Петров орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуге бюджет қаражаты бөлінбегенін айтты. Бірақ алдағы комиссия отырысында Петров орта мектебінде күрделі жөндеу жүргізу мәселесі облыстық бюджет комиссиясының қарауына шығарылады деп сендірді.