Жамбыл облысында кішкентай балалардың тыныс алу жолдарына бөгде заттардың түсуі жиілеген. Былтыр осындай жағдаймен дәрігерге жүгінудің 30 дерегі тіркелсе, биыл небәрі үш ай ішінде 27 адам шағымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Сондай-ақ, былтыр асқорыту жолындағы бөгде заттарды алу процесі 160 рет болса, биыл алғашқы үш айдағы жағдай 50-ден асыпты. Осыдан бір ай бұрын тараздық дәрігерлер бірнеше ине жұтқан баланы аман алып қалған болатын. Аймақта жыл басынан бері балалардың ағзасынан осындай ірілі-ұсақты 100-ге тарта бөгде зат шығарылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың ағзасынан алынған заттардың қатарында ілгек, түйме, тиын, кішкентай қыздардың шаш түйрегіштері, перде ілгіш, кілт, майда ойыншықтар, тіпті есту аппараттары бар. Бөгде заттар баланың ағзасына ауыз, мұрын, құлақ арқылы түседі. Тыныс алу жолдары арқылы кірген зат мұрын ішінде, кеңірдекте, өкпе тінінде тұрып қалуы мүмкін. Ең қауіпті жер – көмей мен кеңірдек. Тез арада медициналық көмек көрсетілмесе, балаға ауа жетпей 1-2 минут өтпей-ақ, көз жұмуы ықтимал. Мұндай жағдайлар, әсіресе 1-3 жастағы сәбилер арасында жиі кездеседі, - дейді №2 қалалық балалар ауруханасының дәрігері Ержан Серікбекұлы. Ақ халаттылардың айтуынша, балаларға ең қауіп төндіретін заттың бірі – батарея. Ол асқазанды күйдіріп жебереді. Қышқыл болғандықтан, бала ағзасында тотығып, өңешті де шірітіп жібере алады. Екіншісі – магнит. Оның көлемі қаншалықты кіші болса, соншалықты зиян. Өйткені, әрқайсысы әр ішекке түсіп, бір-біріне тартылып, ішектерді жабыстырып тастауы мүмкін. Сондай-ақ, тиындар да қауіпті заттар қатарында. Себебі, ол кей балалардың өңешін бітеп тастайды. Ал, кәмпит қағаздары өкпеге ауа өтетін жолды бөгейді. Дәрігер ретінде ата-аналарға балаларды ұдайы жіті бақылауда ұстаңыз дегім келеді. Себебі, балалар арасындағы жарақаттан болатын өлім-жітім қан айналым жүйесі мен онкологиялық аурулардан кейінгі үшінші орында тұр. Біз бірнеше магнит жұтып қойған, бірнеше инені жұтқан балаларды аман алып қалдық. Ойнап жүрген бала жерде жатқан иненің үстіне құлап, ол басына кіріп кеткен, қаламсаптың басын жабатын затты көзіне кіргізіп алып, ол миына қарай өтіп кеткен оқиғалар да болды. Баланың бөгде затты жұтып қойғанын оның әрекеттерінен бірден байқауға болады. Тыныс алуы мен жұтуы қиындап, сілекей әдеттен тыс көп ағады, ерін мен мұрын арасындағы үшбұрыш көгере бастайды. Қимыл-қозғалысы ауырлайды. Бұл жағдайда дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. Бірден жедел жәрдем шақыру керек. Әр ауруханада балалар анестезиологі, эндоскописі болады, - дейді Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының хирургі Эльбрус Салпагаров.