Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң, жасы да, жасымысы да бір түсті киініп, қолдарына тағамын ұстап сауық-сайран құрып жүргендерді көресің. Ол аз десеңіз, жүктілігін жұртқа жайып, оның жынысын бүкіл әлемге жария ететіндердің жазбасынан көз жаңылады. Батыстан енген бұл жаңашылдық қазақтың дәстүріне ене ала ма? Рабиға Бақытжанқызы зерттеп көрді. «Цветная вечеринка». Түрлі түсті отырыстың ерекшелігі сол алдын ала бірақ жасырын түсті таңдайсыз. Сәйкестендіріп азық-түлік алып, соған сай киінесіз. Қазір хит болған бұл отырысты біздің қоғам жатырқап жатқан жоқ. Керісінше, бейнетаспалап, әлеуметтік желіге жарыса салып жатыр. Мәдениеттанушы да мұның еш әбестігі жоқ деген пікірде. Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ, МӘДЕНИЕТТАНУШЫ: Заманына қарай адамы, заманына қарай дәстүрі екенін ескеру керек. Ескі мен жаңаның синтезін жасап, дәстүрлеріміздің символдық, рәсімдік ерекшеліктерін қабылдап, халық ішінде кеңінен қолдау тауып жатқан заманауи белгілерін алып, соларды біріктіріп, жаңа бір формалар табу керек деп ойлаймын. Рабиға БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Өз ғұрпымыздан бөлектеу, жаһандану әсерінен батыстық тағы бір дәстүр енді. Ол -гендер пати. Ағылшынша gender - адамның жынысы дегенді білдіреді. Аяғы ауыр келіншек құрсақтағы шарананың жынысын болашақ әкесіне, қалауынша достары мен туыстарына сүйіншілеп, тосынсый жасайды. Жағымды жаңалық адам қиялының шегіне сай шардың не тәтті торттың түсі, қорапқа жасырылған басқа да атрибут болуы мүмкін. Қарлығаш БЕКПАТШАҚЫЗЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ: Қоғам өзі керегін алып, керек болмаса тарихтың сүзгісінен өте алмаса қалып қоятын дүниелер ғой. Бізге ғасырдан ғасырларға жеткен өз мерекелеріміз де аз емес. Үлкендеріміз жастарға тәйт деп, тыйып, жалаулатып алып кетпей, кішкене тізгінді тарта ұстасақ, бұл да бірте-бірте қалып қоятын шығар деп ойлаймын. БЛИЦ: - Гендер пати деген енді бізге жат нәрсе сияқты. Бірақ, істейді соны жастар. - Қазіргі жастарға ештеңе айтып үлгере алмайсың. Ғылым дамыған. Заман басқаша. Уақыт басқаша. Қазір интернет бар, инстаграм бар. Ерлі зайыптылар өзінің ортасында сақтау керек. Оны біреуге айтып, о интернет арқылы жариялау не қажеті бар? - Жұртқа көрсетіп оны. Не деген сұмдық. Дұрыс емес ол. Керісінше жасыратын көз өтпесін деп. - Разнобразный дегендей. Меніңше ол қызық емес пе? Керісінше. Бәрі жиналып. Бірдей киініп. Біз запад болайын дедік қой.Қазақтың "тал бесіктен жер бесікке" дейінгі ғұмыры салт-дәстүрге негізделген. Ол жазылмаған заң секілді. Дегенмен, дәстүрдің де озығы мен тозығы бар. Түрлі-түсті отырыс бұрынғы бастаңғы, гендер пати – құрсақ шашудың заманауи түрі деп ой түйеді мамандар. Қалай десе де, таңдау әр адамның өз еншісінде қалмақ. Р. Бақытжанқызы