Қызылорда қаласында бүгін, 31 қаңтарда қоғамдық көлікке соғылған «ГАЗель» көлігінің кабинасы толығымен жанып кетті.Бүгін, 31 қаңтарда сағат 13:48-де 112 құтқару қызметіне Қызылорда қаласындағы Бұхарбай батыр және Жалаңтөс Баһадүр көшелерінің қиылысында «ГАЗель» маркалы автокөлігінің алдыңғы бөлігі жанып жатқаны жөнінде хабарлама түскен. «Аталған шақырту бойынша Өрт сөндіру қызметінен 9 қызметкер, 2 техника жұмылдырылды. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер барлау жұмыстарын жүргізді. Жүк тиелген «ГАЗель» маркалы автокөлігі 17 бағдарлы қоғамдық көлікке соқтығысқан. Салдарынан «ГАЗель» маркалы көлігінің қозғалтқыш бөлігі және кабинасы толық жанған. Өрт 13:58-де толық сөндірілді. «ГАЗель» көлігінің басынан зақым алған жүргізушісі жедел жәрдем қызметкерлеріне табысталды. Ал қоғамдық көлік ішінде болған жолаушылардың ешқайсысының денсаулығына зиян келген жоқ», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің» баспасөз-хатшысы Әлия Ережепова.