Жақында еліміз мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Әнұран мен Елтаңба, Қазақстанның тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытқан көк байрақтың орны ерек. Дегенмен спортшыларымыз дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрінгенде биікте желбіреп, ел мерейін үстем қылатын көк тудың жерде елеусіз жатқанын жұртшылық қалай қабылдайды екен? Тілшіміз Еркін КАрин эксперимент жасады, көрейік.Қазақта жағың сынса да, сағың сынбасын деген сөз бар. Мұны жаугершілік заманда байрақ ұстаған батырларға қарата айтуға болады. Өйткені сол кезде жалаудың жығылуын жаудың жеңілгеніне балайтын. Бұл көрініс тарихи киноларда да бар. Ал қазіргі қазақ жерде жатқан жалауды қалай қабылдайды? Көрейік. Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Біз қазір мына жалаушаларды қолымызға ұстап жүріп, байқамай жерге түсіріп аламыз. Елеусіз жатқан көк туды жерден кімнің көтергенін алыстан жасырын камерамен түсіріп, сөзге тартамыз, пікірін білеміз. Кеттік... Уысымыздан сырғып түскен жалаушаны ең алдымен кішкентай қыз байқады. Бүлдіршін жүгіріп келіп, көк туды бірден қолымызға ұстатты. Жердегі жалауды көзі шалғандар көк байрақ көкте ғана желбіреуі тиіс деген ұстанымда. Жастың да, кәрінің де ойы осылай ұштасып жатты. Ермұқан САҒИТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Рәміздеріміздің бірі, ол жерде жатпауы керек. Біз қастерлеп ұстауымыз керек. Ол жерде жатса да биікке көтеруіміз керек. Сол үшін ата-бабаларымыз еңбек етті. Алтыншаш, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: - Сізге жаңа бір кісі айқайлады ғой, сіз естімедіңіз. Сосын көтердім. - Неге көтердің? - Туымыз ғой қанша дегенмен. Жерде жатпасын, мусорда жатпасын. Диярбек ХАКИМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Өзбекстаннанмын. Бірақ мұнда он жылдан астам тұрып жатырмын. Сосын біздің Қазақстанның туы жерде жатпасын деп өзімнің тұрып жатқан жерімнің туын көтеріп қояйын дегем. Түбі бір түріктердің де туға құрметі бөлек. Үйде де, түзде де, тіпті көлігіне де желбіретіп жалау іледі. Айтпақшы, былтыр елімізде мемлекеттік туға қатысты талап өзгергенде оралдық Тиышбай Тұртаев төрінде бірнеше жыл бойы ілулі тұрған көк туды балконға ауыстырған еді. Келіншегімен бірге байрақты үйінің ең көрнекті жеріне ілді. Балкондағы байрақ алыстан әдемі көрінеді. Тиышбай ТҰРТАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев іссапарға шыққан кезде, әлемдік додаларда біздің чемпиондарымыз ел намысын қорғаған кезде біздің көк Туымыз көтерілетін еді. Енді жұмыстан шаршап келе жатқан кезде өзіміздің балконымыздан көк туымызды көрген кезде бізде сондай мақтаныш сезімі орнап, жұмысымыздан шаршағанымыз басылып, қазақ елінің азаматы екенімізді білдіретіндей сезімде күй кешеміз. Еркін КАРИН, ТІЛШІ: Ақындар әнге қосқан, спортшылар биікте желбіреткен көк туымыз ешқашан тұғырынан түспесін. Егер жерде жатса, жоғары көтеріп биікке іліңіз. Елге құрмет, отанға құрмет осыдан басталады.