Бүгін спортшыларымыз Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында өтетін жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарына аттанды. Төрт жылдықтың басты жарысы 19-шы қаңтар мен 1-ші ақпан аралығында өтеді. Дүбірлі додада 81 медаль сарапқа салынады. 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің қысқы аламанында ел намысын 42 спортшымыз қорғайды. Дүбірлі додада еліміздің байрағын шорт-тректен ел чемпионы, спорт шеберіне үміткер Ерасыл Шыңғысхан мен конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері, ел біріншілігінің жеңімпазы Кристина Шумакова алып шығады. Спортшыларымыз бәсекеге сақадай сай. Шыңғысхан ЕРАСЫЛ, ШОРТ-ТРЕКШІ: Дайындық өте жақсы. Конвонда өтетін Олимпиадаға соңғы екі ай бойы дайындалып келе жатырмыз. Орын алуға мүмкіндік өте көп. Қазақтың көк туын көкке көтереміз деп ойлаймыз. Спортшыларымыз биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, фристайл могул және шайбалы хоккей спорт түрлерінен бақ сынайды. Диас АХМЕТШӘРІП, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІНІҢ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ БАҚ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ: Басты үмітіміз шорттрек және конькимен жүгіру. Спортшыларымыз бабында. Әлемдік рэйтингіде алдыңғы орында тұр. Сондықтан оларға артып отырған үмітте үлкен. Қысқы спорт оң жамбасымызға келе бермейді. Тәуелсіздік жылдарында спортшылар жасөспірімдер Олимпиадасында 29 медаль жеңген. Тек соның бесеуі қысқы ойындарға тиесілі. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Оған спортшылардың мүмкіндігі жетеді деп отыр сала министрі. Ермек МАРЖЫҚБАЕВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ: Біз Канвондағы Олимпиадада қоржынымыз медальға толатынына сенімдіміз. Ол үшін барлық жағдай жасалуда. Спорт нысандарын көбейтіп жатырмыз. 2029 жылға дейін біз 113 жаңа ғимарат салынады. 26-ын қайта қалпына келтіреміз. 1 ай бұрын Алматыда Олимпиадалық дайындық базасын іске қостық. Байрақты бәсеке осымен 4-ші рет өткізілейін деп жатыр. Оған әлемнің 70-ке жуық елінен 1000-нан астам спортшы бақ сынайды. 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль сарапқа салынады.