Биыл Көкшетау қаласындағы «Құлагер» ықшам ауданында орналасқан мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Білім ошағы 400 орынға шақталған.«Құлагер» ықшам ауданы Көкшетау мен Красный яр ауылының дәл ортасында орналасқан. Мұнда халық саны жыл санап өсіп келеді. Бұған дейін ықшам ауданның оқушылары қала мен көрші ауылға қатынап оқыған. Рауан ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұрынғы мердігер жосықсыз деп танылды. Арадағы келісімшартты бұздық. Биыл мамыр айында жаңа кәсіпорынмен келісім жасадық. Енді құрылыс күзге дейін аяқталуы тиіс. Оларға міндет қойылды. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы жолдарды жаңарту жоспарланып отыр. Осы мақсатта қазынадан 3 млдр теңге қарастырылған. Бас аяғы 30 шақырымнан астам жол жөнделеді. Ерболат СЕРІКБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫСЫ: Бұл жобалардың ішінде «Застанционный» шағын ауданына апаратын көпірді жөндеу жұмыстары, сонымен қатар Құсайынов көкшесі бойынша жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Красный яр апаратын жолға екі жоба дайындалды. Қазіргі уақытта мердігерлермен келісім-шарттар жасалды. Қалада жылыту маусымына дайындық та қызу жүріп жатыр. Шаһардағы 3 шақырымнан астам жылу құбыры жаңартылуда. Сондай-ақ, 3 жылыту қазандығы жөнделмек. Руслан МӘКІШЕВ, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Біздің бір бу қазандығымыз енді келесі жұмада дайын болады. Ал екі бу қазандығымыз екінші қыркүйекке дейін дайындық жасаймыз деп жоспарланып отыр. Тозығы жеткен жылу қазандықтарын күрделі жөндеуден өткізу маңызды. Былтыр осы бағытта 2,5 млрд.теңге қарастырылса, биыл 5 млрд.теңгеге жуық қаржы бөлінген.