Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығынан жолда қалған 2 мыңнан астам автокөліктің жүруіне патрульдік полиция қызметкерлері көмектесті, деп хабарлайды Kazinform.Аумақтық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қарашаның 22-сінде күн райының бұзылуына байланысты ЖАО, ТЖД және ПД қызметкерлері бірлесіп, «Астана-Петропавл», «Көкшетау-Рузаевка», «Көкшетау-Омбы» және «Алматы-Екатеринбор» бағытындағы автожолдарда көлік қозғалысына шектеу қойды. - Облыс аумағындағы барлық автокөлік жолдарында 44 патрулдік полиция экипажы, оның ішінде 88 полиция қызметкері кезекшілік етті. Соған қарамастан сол күні 8 жол-көлік оқиғасы болды. Зардап шеккендер жоқ. Жалпы, күн райының жайсыздығынан жолда қалған 2080 автокөліктің жүруіне патрульдік полиция қызметкерлері көмектесті, - деді ведомстводан. Осы ретте, тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарына ауа райы жайсыз болған күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді.