Көктемгі су тасқыны қардың көп болуына және топырақ қабатының қатты тоңазуына байланысты ауқымды болатын түрі бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Оның айтуынша, су басу аймағында 255 елді мекен болуы мүмкін. Онда 127 мыңнан астам үй бар және 700 мыңнан астам халық тұрады. Оңтүстік аймақтарда қар еруінің басталуына санаулы күн қалды. Қазір барлық күш алдын алу шаралары мен су тасқынына дайындыққа бағытталған.Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: Әкімдіктер су тасқыны қатерлеріне толық дайын екенін хабарласа да, негізінен су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыруға азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері тартылады. Мысалы Алматы облысы мен Абай облысында су айдау, қапшықтарды төсеу, арықтар мен өзен арналарын тазарту, қар шығару және қорғаныс бөгеттерін салу жұмыстарын азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар атқарған. Елдегі су шаруашылығы объектілерінің тозуы 60%-ден асқан. Тиісінше қауіпсіздік шаралары төмендеген. Өңірлердегі аудандарда, шағын елді мекендерде тасқынға қарсы дайындық жұмыстары көңіл көншітпейді. Төтенше жағдай қызметкерлері әкімдіктерге 179 ескерту парағын берді. Әсіресе, Павлодар, Түркістан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында тасқынға қарсы шараларды қолға алу қажет. Үкімет басшысы барлық жағдайға дайын болу керек деп тапсырма берді. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Индустрия министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын. Қазгидрометтің болжамында айтылғандай, наурыз айында еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Бұған дайын болу керек.