Әнші әрі сазгер Ғазизхан Шекербеков әріптестерінің аузында жүрген талай хит әннің авторы. Өмірін әнсіз елестете алмайтын өнерпаз бағын басқа салада, мысалы кәсіпкерлікте сынауға әзір дайын емес. Әнші шығармашылығынан бөлек, отбасы, бала тәрбиесі туралы аз-кем сұхбат берді. Қазір сахнада жүрген әншілердің көбінде өнерден өзге кәсібі бар. Алайда өнер десе ішкен асын жерге қоятын әнші Ғазизханның әзірге кәсіп ашу жоспарында жоқ. "Мен әлі өнермен ауырып жүрмін. Басқа салада, бизнесте өзімнің бағымды сынауға дайын емеспін. Уақыты келіп, өнерде белгілі бір белесті бағындырған кезде бәлкім жаңа кәсіп туралы ойлануға болатын шығар", - дейді ол. Әншінің тұңғышы да өнерге бейім. Болашақта Ғазизхан ұлы Димашқа әке жолын жалғастырамын десе еш қарсылық танытпайтынын айтты: "Мен өнерден еш жамандық көрмедім. Бала кезімнен бұл салаға қызықтым және сол қайнаған өнердің ортасында өстім десем де болады. Марқұм әкем де халықтың көңілі үшін қызмет жасаған цирк әртісі болды. Інім де әкемнің ізін жалғады. Мен де халықтың көңілі үшін қызмет жасап жүрмін. Менің ұлым да халықтың қуанышы үшін жұмыс жасаса бақытты боламын. Ұлым қай саланы таңдаса да қолдаймын. Мен үшін ұлымның адал азамат, адам болғаны маңызды", - дейді әнші. Ғазизхан бала тәрбиесіне көп уақыты болмаса да, әкелік ақылын ұлына жиі айтатын көрінеді. Ол баласының білім алуына, қосымша сабақ алып, дамуы үшін уақытын бөліп жүрген жарына да дән риза. Тіпті ризашылығын білдіріп, темір тұлпар сыйлапты.