Тобыл өңірінде төрт мыңнан астам адам көлік салығын төлемей жүр. Тұрғындар берешегі 108 миллион теңгеге жеткен. Тіпті кейбір көлік иесінің салығы миллион теңгеден асады. Алайда борышкерлер қомақты сомманы төлеуге асығар емес. Сондықтан мемлекеттік кірістер департаменті полиция мен прокуратура және жеке сот орындаушыларымен бірлесе отырып қарызды өндіру шараларын қолға алған.Кейбір борышкер қамауға алынса, тағы біреуінің банктегі шоттары бұғатталып, дүние-мүлкіне шектеу қойылды. Шетелге шыға алмай қалғандары да бар. Жүргізуші куәлігінен уақытша айрылғандар да кездеседі. Оның сыртында жеке сот орындаушы берешектің 25 процентіне дейінгі мөлшерде қосымша ақы алады.Салықтың салмағын арқаламау үшін дер кезінде төлеген дұрыс дейді, департамент өкілдері. Шынар МҰҚАНОВА,ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ ӨНДІРІСТІК ЕМЕС ТӨЛЕМДЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жыл басынан бері салық төлемегені үшін Қостанай облысының 16 тұрғыны 1 тәуліктен 3 тәулікке дейін қамауға алу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Және 37 көлік айппұл тұрағына жеткізілді.