Жыл басталғалы халық қолма-қол ақша іздеп кетті. Себебі дүкендер мобильді аударымдарды қабылдамай жатыр. Биыл кәсіпкерлер декларация тапсырады. Тексеріс болады дегелі бизнесмендер құйтырқы әрекеттерге баруда. Табысын жасыру үшін түрлі айла жасағандардың жазасы қандай болады? Сүндет Оралбеков айтсын. Жұрт дүрлігіп жүр. Жыл басталғалы дүкендер көбіне қолма қол қаржымен сауда жасауда. Мобильді аударымдарды қабылдамайды. Қабылдағанның өзінде сатып алынған азық-түлікке 3-7 процент үстемеақы қосуда. Тұрғындар қымбатшылық болып кетпей ме деп алаңдаулы. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Карточкалармен ғана қабылдап жатыр. Кішігірім магазиндер аударымдарды қабылдамай жатыр. Енді Азық-түлік қымбаттауы мүмкін. Себебі, салықтың ақшасын азық-түлікке қосып жіберді. - 2024 басталғалы ешқандай магазиндер перевод қабылдамай жатыр. - Қолма-қол ақшаға қарағанда мобильді аударымдарды жиі пайдаланамыз ғой. Халықтың жағдайына қарап салықты да қарастырған дұрыс деп ойлаймын. Сарапшылар қолма-қол ақшамен сауда жасап жатқандардың кәсібі 2-3 айда құрдымға кетеді дейді. Ең дұрыс шешім салық мәдениетіне үйренуіміз керек. Одан басқа амал жоқ деп отыр. Айбар ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ: Біздегі барлық есеп айырылысулар банк қосымшаларынан бір-біріне ақша аударуға өтті. Енді оны қолма-қол ақшаға ауыстыру қиын болады. Және азаматтар өздеріне ыңғайлы болатын, қай жерде карточка қабылдаса сол жерге баратын болады. Сондықтан қолма-қол ақшаны талап етіп отырған кәсіпкерлер менің ойымша бірте-бірте өздерінің клиенттерінен айырыла бастайды. Содан кейін өздері QR арқылы, карточкамен төлем қабылдайтын аппараттарды қоя бастайды. Бұл кәсіпкерлердің табысын жасыру үшін, көп салық төлемес үшін жасап жатқан тәсілі. Кірістер комитеті бұл өздеріне кері әсерін тигізеді деп отыр. Шығыс пен кіріс сәйкес келуі маңызды екен. Айнұр САРТАЕВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Ол өзінің кәсіпкерліктен алып отырған табысын толықтай декларацияда көрсеткені өзіне пайда. Яғни, ол ертең заң бұзып салық төлемесе, айналып өткені анықталса әкімшілік жауапкершілік, айыппұл қарастырылған. Жеке тұлғалар да бір-біріне аударым жасауға секемденіп қалды. Мемлекеттік кірістер комитеті бақылау тек кәсіпкерлік мақсатта жеке шотын пайдаланып отырған адамдарға ғана жүргізілетінін қадап айтты. Тек бір адамның шотына 3 ай қатарынан 100 түрлі адамнан ақша аударылса, кәсіппен айналысып отыр деген күдікке ілінеді. Аударымдары тексеріледі. Ал тұрақты туыстарына, достарына жіберілетін қаржы есепке алынбайды.