Көмірді шетелге автокөлік немесе жүк пойызымен тасымалдауға шектеу енгізіледі. Себебі өткен жылы қара отынды кен орнынан әлеуметтік нысандарға тасымалдайтындар бас пайдалары үшін шетелге сатып жіберген. Салдарынан халық қақаған аязда көмірсіз қалды. Ал жылу электр станцияларының барлығы дерлігі тозған. Алдағы қысқа халық қалай қамдану керек? Үкімет қандай шара қабылдамақ? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатып айтады.Бүгінгі отырыс Үкіметтің құрамына қосылған су жаңа энергетика министрінің ант беруімен басталды. Бірден баяндама жасады. Елді шулатқан Екібастұз бен Риддердегі жағдайға тоқталды. Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ: Риддер жылыту кезеңінен бастап жылу желілері жұмысының температуралық режимін 133 рет бұзған. Республика бойынша ең көп көрсеткіш. Ал Екібастұз қаласының жылу желілерінде температура кестесі 94 рет сақталмаған. Бұл ретте оларға салынған айыппұл халыққа келтірілген залалмен салыстырғанда өте аз. Қақаған аязда кей операторлар 400 мың тонна әлеуметтік көмірді, сондай-ақ мектептерге, ауруханаларға берілген қара отынды халыққа емес, бизнес субъектілеріне сатқан. Алдағы қыста көмірдің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында министрлік қара алтынды шетелге автокөлікпен немесе жүк пойызымен тасымалдауға тыйым салмақ. Марат ҚАРАБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ: Жылыту кезеңінде коммуналдық-тұрмыстық көмірдің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында министрлік көмір өндіруші кәсіпорындарды қоспағанда, көмірді автокөлік және теміржол көлігімен әкетуді шектеуге бағытталған алдын алу шараларын қабылдауда. Бұл шектеудің мерзімі шамамен 6 ай болады. Жергілікті әкімдіктер тарапынан бақылаудың болмауынан кей өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету проблемаға айналған. Онымен қоса, жекенің меншігіндегі жылу орталықтары тек пайданың көзіне айналып, тозығы жеткен қондырғылар жылдар бойы жаңартылмаған. Осы орайда Премьер-Министр әкімдіктерді сынға алды. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Барлығы – әкімдіктердің көп жылдар бойы жылыту маусымына немқұрайлы қарап келгендігінің салдары. Тіпті ірі қалалардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан, орташа температураны төмендетіп беруге тура келді. Жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен. Енді бақылау заңмен күшейтіліп, жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Қауіп төнген жағдайда мемлекет орталықты меншік иесінен алып қоя алады. Павлодар, Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу желілері айтарлықтай тозған. Ал инфрақұрылым министрі тозығы жеткен жылу орталықтарының тек жартысына жуығы 2029 жылға қарай жаңартылады дейді. Яғни, мәселе әзір шешілмейтінге ұқсайды.