«Таза Қазақстан» акциясына шыққан жамбылдық жастар қола, темір дәуірлеріне тән петроглифтерді тауып алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.Елімізде жалғасқан экологиялық науқан аясында сарысулық жастар да киелі жерлерді тазалауға шыққан. Олар Ақтоғай ауылы маңындағы шатқалды күл қоқыстан тазартып жүріп, тарихи жаңалыққа тап болды. Жүздеген көне жазбаларды көрген жастар сол жерге арнайы мамандарды шақыртыпты. Археологтардың айтуынша, жартастағы петроглифтер ерте темір дәуіріне тән. – Тазалық жұмыстарын жүргізу барысында ерекше жазуларды көзіміз шалып қалды. Тарихшы емеспіз, арнайы мамандарды шақырдық. Бұл – үлкен мұрағат, ерекше жазулар екен. Аймақта жиі тазалаймыз, – деді ерікті Асылжан Пазылбеков.Ғалымдар «бұл облыс емес, ел тарихындағы елеулі жаңалық» деп отыр. Археологтарды тасқа топталған көне жәдігерлердің анық әрі бұзылмай сақталғаны қуантты. Жартастарға садақ ату әдістері, арқар, тауешкі, түйе сынды аңдардың сұлбасы салынған. Жалпы 100-ден аса петроглиф анықталған.– Бұндай ескерткіштер шоғыры өте сирек. Сондықтан кешенді түрдегі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізсе, зерттеу жұмыстарына арнайы кәсіби археолог мамандарды тарту керек деп білеміз. Ал ғалымдардың зерттеу жұмыстарының қортындысына сәйкес, болашақта өңірлік туристік бағыттарға енгізуге болады, – деді археолог Сауран Қалиев.Археологтар лезде тарихи аумақты мемлекет қорғауына алуды ұсынды. Сөйтіп шетелдік ғалымдарды тартып, зерттеу жұмысын бастау керек екенін айтты. Облыста 3600-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 5-еуі ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.