Түркістан облысында соңғы бір аптада 2 адам ботулизмге шалдықты. Олар Созақ және Ордабасы аудандарының 34-39 жастағы тұрғындары. Бұл туралы Астана телеарнасы хабарлайды. Анықталғандай, олар үй жағдайында дайындалған консервіленген қияр тұтынған. Нәтижесінде екі азаматта да мазасыздану, құсу, бас айналу, жұтына алмау сынды ботулизмге тән клиникалық көріністер байқалған. Созақ ауданының 34 жастағы тұрғыны ауыр халде аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылса, Ордабасы ауданының 39 жастағы тұрғыны аудандық ауруханада ем алуда. Жағдайы бірқалыпты. Аталған жайт бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері емдеу мекемелері тарапынан түскен жедел хабарлама негізінде ауру ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларын жүргізіп, науқастармен байланыста болған азаматтарды тіркеуге алды. Тамақтан уланудың, ботулизмнің алдын алу мақсатында санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда адам денсаулығына зиян келтірген оқиға бойынша зерделеу жұмыстары жалғасуда. Айтып өтейік, 2023 жылы өңірде 4 адам ботулизммен ауырған болатын. Облыстың санитарлық дәрігерлері тұрғындарды консервіленген салаттар мен тұздықтарды тұтынарда, дүкендерден сатып алатын тағамдардың жасалу технологиясы мен дайындалған мерзімдеріне аса мән беруге шақырады!