7 сәуіріндегі жағдай бойынша Конституциялық сотқа биыл субъектілерден 2 179 өтініш келіп түскен. Қазіргі уақытта 355 өтініш қаралу барысында. Конституциялық іс жүргізуге 12 өтініш қабылданды, тағы 36 өтінішті судьялар алдын ала зерделеуде.Конституциялық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, өтініш берушілер негізінен соттардың шешімдерімен келіспеу – 43%, нормативтік құқықтық акті немесе оның жекелеген ережелерін конституциялық емес деп тану – 21%, ақпаратқа қол жеткізу – 3,6%, еңбек және зейнетақымен қамсыздандыру – 2,3%, қылмыстық-атқару жүйесі – 1,3% және өзге де мәселелер бойынша жиі жүгінгені көрінеді. "Осы аралықта азаматтардың өтініштері бойынша төрт нормативтік қаулы шығарылды. Атап айтқанда, Конституциялық Сот Салық кодексінің, Қылмыстық-атқару кодексінің, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың жекелеген нормаларын Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Сондай-ақ, зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның жекелеген нормаларын Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды", - делінген хабарламада.