Түркиядағы зілзаладан бері 11 күн өтті. Ғажайып деуге болатын шығар, үйінді астынан әлі тірі адамдар табылып жатыр. Үміт үзілмейді. Көрер жарығы барлар тағы да болар. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Ал халық үйінділерді төңіректеп жүр. Жақынының, ең болмаса, денесін алып кетіп, жерлесек дейді. Толығырақ тілшіміз Сүндет Оралбеков тарқатады.Антакье қаласында бірінші жер сілкінісінен кейін 261 сағат өткен соң, 26 жасар Мехмет Али Шакироглу мен 34 жастағы Мустафа Авчи үйінді астынан аман шығарылды. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілген. Нұрдағы қаласындағы 35 қазақстандық құтқарушы өздеріне тапсырылған учаскеде барлық жұмысты бітірді. 3 адамды үйінді астынан алып шыққан. Газиантеп қаласындағы құтқарушы топ та жұмысын аяқтап, техникалары мен құрал-саймандарын жиыстыруда. Олар он күн ішінде 8 адамды қиранды астынан аман есен шығарған. Газиантеп қаласында құрылған жылжымалы аурухана да жиналды. Дәрігерлер осы күндері 140 жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетті. Оның он жетісі -бала. Ибрахим КҮЛШІМБАЕВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Қолымыздан келгенше күшіміздің бәрін салдық. Күн-түн демей кезекшілікке бөлініп құтқарушыларымыз жұмыс істеп жатыр. Өте қауіпті жұмыс екенін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Басқа мемлекеттердің, осы Түрік елінің құтақрушыларының да жарақат алғанын көріп жатырсыздар. Тәртіптің арқасында осы жұмысты аман-есен аяқтап жатырмыз. Қахраманмараш қаласында Қазақстаннан жеткізілген жүз шақты киіз үй тігілген. Мұғалімдер, дәрігерлер мен әскерилердің отбасы үйлерге біртіндеп қоныстана бастады. "Анадолы халқы баспаналы болғанша осында тұрады", - дейді ерікті Қабыл Еркіман. Қабыл ЕРКІМАН, ЕРІКТІ: Бұл киіз үйлер Қахраманмараштың отбасыларына арналады. Зардап шеккен отбасыларына. Түркия халқы Өздерінің разылығын білдіріп жатыр. Үлкендерінен кішкентай балаларына дейін, осындай қиын-қыстау кезде қол беріп, көмектескен қазақ халқын ұмытпаймыз деп жатыр. +Адамдардың көңіл-күйі төмен деңгейде. Көңіл-күй жоқ десек болады. Барлығы бір хабар күтіп отыр. Туыстарының денесін алып кетсек, соны жерлесек деген үмітпен ғана отыр. Оралдық бір топ дәрігер Түркияға аттануға дайын отыр. Қиын жағдайда қалған бауырлас халыққа жәрдем беруге мамандар өз еркімен келісім берген. Олардың ішінде анестезиолог-реаниматолог, нейрохирург, травмотологтар бар. Солардың бірі - Асылбек Әлібеков. Ол 24 жылдық тәжірибесінде 9 мыңнан астам операция жасаған. Асылбек ӘЛІБЕКОВ, ТРАВМАТОЛОГ ДӘРІГЕР: Ковид кезінде де біздер дәрігерлер болып бардық. Енді мынау данный момент жер сілкінісі болған соң, біз травмотолог есебінде қолымыздан келер көмек болғасын өзім келістім. Қазір данный момент сыныққа алғашқы көмек көрсету емес, соның салдарымен күресу керек. Оған көмектесуге жағдайымыз бар. Жер сілкінісінен жараланғандардың арасында ересектермен қатар, балалар да бар. Сондықтан дәрігер тапшылығына қарамастан, түрлі саланың мамандарын қамтуға тырысыпты. Гүлнар ӘБДІРАХМАНОВА, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздерде тек қана бір топ емес, резервтік топтарымыз бар. дәрігерлеріміздің бәрі «барамыз, әзірміз» деп бізге хабарласып отыр. Қанша маман жетіспесе де, бірақ түрік елінде болып жатқан қайғыға біз көмектеспегенде кім көмектеседі? Түркиядан табиғи апаттан 9 миллионнан аса адам зардап шекті. Ресми дерек бойынша, қайтыс болғандар саны 38 мыңға жеткен.