Қазақстанда ресми сапармен жүрген Франция президенті Эмманюэль Макрон Maqsut Narikbayev University студенттеріне дәріс оқып жатыр.Сұрақ-жауап форматында өтіп жатқан дәріс кезінде Франция басшысы мемлекеттер арасындағы қақтығыстарға тоқталып, Қазақстанның осы тәуекелдерді қалай еңсеріп келе жатқанына тоқталды. «Осындай кезеңде бейбітшілік пен әріптестікті, халықаралық құқықты қалай сақтай аламыз? Бүгінде осындай мәселелер бар екені сөзсіз. Көршіңіз тұрақсыз болса, елдегі экономикалық тұрақтылықты қалай сақтай аласыз? Отанның тыныштығын қалай сақтауымызға болады? Мұндай кезде біз ішкі тұрақтылықты сақтап, өз құндылықтарымызға мығым болуымыз керек. Меніңше, Қазақстан Президенті дәл сондай бағытта жұмыс істеп жүр. Сол бағыттағы жобалармен, өзіндік көзқараспен белестерді бағындырып жатырсыздар», - деді Эмманюэль Макрон. Оның айтуынша, елдер арасындағы қақтығыстардан бөлек климаттағы өзгерістер, цирфлық проблемалар да әлем үшін өзекті. Франция президенті аталған бағыттардың бәрі бойынша Қазақстанмен әріптестік жалғаса беретінін айтты. Сондай-ақ ол дәріс кезінде Таяу Шығыс және Израиль мен Палестина қақтығысы туралы да пікір білдірді.