Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы»ерекше қажеттіліктері бар балаларға және қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап "Қош келдің, жаңа жыл" атты қайырымдылық кешін өткізді. Шараға 30 отбасыдан 60-қа жуық бала қатысты. Мерекелік жиынның басты мақсаты - балаларды қуанту, мерекелік көңіл-күй мен жағымды эмоция қалыптастыру. Ұйымдастырушылар ерекше күтімді қажет ететін балаларды тек құттықтап қана қоймай, мерекелік көңіл-күй сыйлау маңызды дейді. Баян ЖАЛМАҒАНБЕТОВА, «ЖАНҰЯ» ОРТАЛЫҒЫ ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫНЫҢ БӨЛІМБАСШЫСЫ: Жалпы, жаңа жылдық қайырымдылық шыршасында балаларға арнап көптеген шаралар өтіп жатыр. Соның ішінде қалалық циркке балаларға билеттер алынды. 200 балаға "Аладдин" орталығына ертегі әлеміне билеттер алынады, соған балаларды алып барамыз. Әлия АТАШОВА, АТА-АНА: Жаңа жылға үш ерекше баламызды шақырды. Үнемі бізді қолдап, көмектесіп тұрады. Сол үшін алғысымыз шексіз. "Жанұя" көмектеседі, азық-түлікпен, смесь-пен. Баламыз арнайы смесь-пен тамақтанады. Шараға қатысқан балалардың қуанышында шек жоқ. Аяз ата мен ақша қармен бірге жаңа жылдың символы саналатын шырша шамдарын жағып, түрлі сыйлықтар алды. Жалпы орталықта 500-ге жуық әлеуметтік осал топтағы отбасы психологиялық, заңгерлік көмек алады. Алдағы күндері ұйымдастырушылар түрлі шеберлік сабақтары мен қойылымдар қойып, барлығына сый-сыяпат беріп, мерекемен құттықтамақ.