Қостанай халқы да саяси науқанға белсенді атсалысып жатыр. Астықты аймақ сайлаушылары таңмен таласа өз таңдауларын жасауға асықты. Дәл қазір әріптесіміз Заңғар Санай тікелей байланысқа Қостанайдан қосылады.Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ: Қайырлы таң! Таңғы жетіде облыс көлемінде 748 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Астықты аймақтағы 554 мыңнан астам адам бүгін өз таңдауын жасайды. 176 мың тұрғын Қостанай қаласында дауыс береді. Біз Қостанайдағы нөмірі бірінші сайлау учаскесіндеміз. Мұнда мың жарым адам тіркелген. Сәния ШӘРІПОВА, ҚАЛАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Үйде дауыс берушілердің арызы 200-ден асты. Енді бүгін сағат 12-ге дейін сайлау учаскелері әлі де арыз қабылдайды. Сағат 12-ден кейін учаскенің екі мүшесі арыз жазған дауыс берушілердің конституциялық құқығын іске асыру мақсатында барып жұмыстарын атқарады. Төленді Ғапбасов сайлау сайын учаскеге өзгелерден бұрын келетінін айтады. Таңмен таласа өз таңдауын жасауға асыққан сайлаушыға естелік сыйлықтар табысталды. Өзге де ерте келген тұрғындарға ерекше бұйымдар бұйырды. Төленді ҒАПБАСОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Сайлауға қатысу азаматтық борышым деп есептеймін. Сменге баруым керек, сол үшін ертерек келіп отырмын. Қостанайда 93 сайлау учаскесі, 20 қалалық және 5 облыстық бір мандаттық округтер жұмыс істеп жатыр.Сайлау комиссиясының хабарлауынша, қалың жұрттың басым бөлігі түске дейін өз таңдауын жасап үлгереді. Түстен кейін қарттар мен денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш білдірген тұрғындарға арнайы жәшікпен бюллетень жеткізіледі. Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ: Әдеттегідей сайлау учаскелерінің басым бөлігі мектептер мен жоғары оқу орындарында, мәдениет ошақтарында орналасқан. Дауыс беруге келген көпшіліктің көңілін көтеру мақсатында түрлі концерттік бағдарлама да ұйымдастырылған. Айта кетейін, қаладағы ең қарт сайлаушы Қасымхан Алдабергенов. Ұлы Отан соғысының ардагері 98 жаста.