Еліміздегі ең көпбалалы отбасы Қостанай облысының Лисаков қаласында тұрады. Ерлі-зайыпты Рустам Шукуров пен Муаззама Мансурованың 55 баласы бар. Оның үшеуі өздерінің туған перзенттері, Қалғанын асырап алған. Бұл туралы Қазақстан телеарнасы хабарлайды.Бір қарағанда бұл үй интернатқа ұқсайды. Ұзын дәліз, оның екі жағында балалардың бөлмелері орналасқан. Ал осы дәлізге жалғасып жатқан мына үлкен бөлме алпысқа жуық мүшесі бар отбасының төрт көзі түгел жиналатын орны. Олар бұл жерде әңгіме дүкен құрады, төрде тұрған теледидардан түрлі бағдарламаларды тамашалайды. Ал ас дайындайтын бөлме кішігірім қоғамдық тамақтану орны тәрізді. Сөреде тізілген ыдыстан көз сүрінеді, азық-түлікті текшелеп жинап қойған. Отанасы асты өзі дайындайды. Әр балаға көңіл бөліп, аналық мейірімін сыйлауға тырысады. Муаззама Мансурова, көпбалалы ана: Мен әрқайсының мінезін, асқа, киімге талғамын жатқа білемін. Әрқайсының ерекшелігі жайлы сағаттап әңгімелеуге болады. Мен қашанда үйде, осылардың ортасындамын. Бәрінің көңілін тауып, ешқайсын назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Ерлі-зайыптылардың туған екі ұлы мен бір қызы бар. Бәрі де өзіне тете сіңілісі жоғына налып жылаған кенже қыздарын жұбатуға деген ниеттен басталған. Денсаулығына байланысты құрсақ көтере алмағандықтан Муаззама бала асырап алуға бел буады. Оны жұбайы да қолдайды. Сөйтіп 2017-ші жылы алғаш рет 7 баланы бауырларына басқан. Муаззама Мансурова, көпбалалы ана: Бізде бәрі де болды. Ақша да, басқасы да. Бірақ, мұндай бақыт болған жоқ. Әрине, қиын сәттер кездеседі. Бірақ балаға деген махаббат бәрін ұмыттырады. Сөйтіп алты жылда асырап алған баланың саны 52-ге жетті. Мұнда олардың бәрі өз қалауымен келген. Былтыр 3 ай ішінде 19 бала асырап алған. Қазір үйде 37 бала бар. Қалғаны студент, сыртта жүр. Бірақ келсе оларға да әрдайым есік ашық. Ата-анасы әр перзентін еркелетіп, ақыл-кеңесін де айтып отырады. Рустам Шукуров, көпбалалы әке: Мамандық таңдау жайын да талқылаймыз. Балалар көбіне арманшыл, қиялға ерік береді. Мен оларға «алдымен өздеріңді асырайтын кәсіпті игеріңдер» деймін. Биыл 8 балам тоғызыншы сыныптан соң колледжге барады. Данил Таржанов, оқушы: Мен бұл үйге екінші сыныпта келдім. Асыраушы әке-шешеміз бізге көп жағдай жасады. Мен оларды жақсы көрем. Мектеп бітіргесін дәнекерлеушілікке оқимын. Ақша табамын, үй саламын. Рустам Шукуров қазір тұрып жатқан үйлерін кезінде өзі сатып алған. Ағайындарымен ортақ бизнесіндегі үлесінен ептеп табыс кіріп тұрады. Балаларға ет пен сүт болсын деп аздап мал ұстайды. «Ешкімнен қол жайып көмек сұраған емеспін» дейді өзі. Бұл шаңырақтағы балалардың ең үлкені 24-те, кішісі 3-те. 36 оқушы бар. Ерлі-зайыптылар мұнымен тоқтамақ емес. Бұйыртса әлі де отбасы жылуын аңсаған талай баланы бауырына басқысы келеді.