Қостанай облысының полицейлері үйінде кісі өлтіру болды деп жалған хабар берген мас тұрғынды анықтады. 12 желтоқсанда Әулиекөл аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне ер адам қоңырау шалып, оның үйінде кісі өлтіру болғанын хабарлады. Полицейлер мекенжай бойынша келген кезде бұл дерек расталмады. Қызметкерлермен қоңырау шалушы анықталды. Ол Аманқарағай ауылының 31 жастағы тұрғыны болып шықты. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша ер адамда алкогольдік масаңдықтың орташа дәрежесі анықталды. "Арнайы қызметке қасақана қоңырау шалғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы бойынша (Арнаулы қызметтерді көрінеу жалған шақыру) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", – деді Қостанай облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Алексей Милюк. Осы жылдың басынан бастап Қостанай облысы бойынша арнаулы қызметтерді жалған шақырғаны үшін 330-дан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.