Қостанайда мектеп оқушысы үйінде ата-анасы жоқ кезде төртінші қабаттан құлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл ақпаратты Қостанай облысының полиция департаменті растады. Ведомство мәліметінше, кеше, 27 мамыр күні сағат 11:00 шамасында Шаяхметов көшесіндегі №169 үйдің төртінші қабатындағы пәтердің терезесінен 13 жасар оқушы құлап кеткен. Бұл жайында полицияға жағдайға куә болған көршілер хабарлаған. Олар сондай-ақ жедел жәрдем шақырып, қыздың ата-анасына қоңырау шалады. Қыздың әкесі мен шешесі бұл кезде жұмыста болатын. Мектеп оқушысы полицияның сұрағына әдейі емес, абайсызда құлап кеткенін айтып түсіндірді. Пәтерде сондай-ақ қыздың 9 жасар сіңлісі мен 2 жасар інісі болған. Құлаған қыз түрлі сынықтармен ауруханаға жеткізілді. Ведомство жыл басынан бері облыс бойынша осымен сегізінші бала терезеден құлап кеткенін мәлімдеді. Полиция ата-аналардан баласын қараусыз қалдырмауды сұрайды.