Қостанайда 37 жастағы ер адам әйелімен жанжалдасып, артынша оны полиция ұстаған. Бірақ ол қиылысқа тоқтаған полиция көлігінен қашып кетпек болған, деп хабарлайды Polisia.kz. Бірге тұратын ерімен жұмыс орнында жанжалдасып қалған әйел полицияға хабарлаған. Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция қызметкерлері ер адамды анықтап, ұстаған. Кейін ол учаскелік полиция инспекторына жеткізілген. Істі қарау барысында учаскелік полиция қызметкері бір күн бұрын болған жанжал кезінде бірге тұратын ер адам өзінің сүйіктісіне дене жарақатын салғанын анықтады. Әңгіме барысында ер адамнан алкогольдің иісі шыққан. Полицейлер оны медициналық тексеруден өткізуді ұйғарған. Облыс орталығындағы көлік көп жүретін көше қиылыстарының бірінде отбасылық жанжал шығарушы қызметтік көліктен шығып кеткен. "Учаскелік полиция инспекторы Ерік Ваисов заң талаптарына жауап бермегендіктен құқық бұзушының соңынан жүгіріп шығып, оған ұрыс тәсілдерін қолдануға мәжбүр болды. Ұстау кезінде ешкім зардап шеккен жоқ", – деп атап өтті ведомстводағылар. Осы дерек бойынша отбасылық жанжал шығарушы сүйіктісін ұрғаны үшін де, заң өкілдеріне бағынбағаны үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер сот оны екі жағдайда да кінәлі деп тапса, ұрып-соққаны үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал полицейге бағынбағаны үшін 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамауға алынады.