Қостанай облысында балалар үйінің қызметкері балаларға сыйға тартылған шыршаны алып кеткен. Бұл туралы TobolInfo басылымы хабарлайды.Ксения Голомидова бірнеше жылдан бері Қостанай және Рудный қалаларындағы балалар үйлеріне демеушілік көмек көрсетіп келеді. Ол мекемеге құны 276 мың теңге болатын жаңа жылдық сөмкелер мен жалпы құны 48 мың теңге тұратын 3 үлкен шыршаны сыйға тартқан. Бірақ ол мекеме қызметкерлерінен фотосын сұраған кезде оған мүлде басқа шыршаның суреттері жіберген."Балаларға үш үлкен, жасыл шырша әкелдім. Ол 22 желтоқсан болды. Арнайы екі метрден асатын қымбатын сатып алдым. Сурет жіберуін сұрағанда, олар басқа ағаштардың суретін жіберді. Олар әлдеқайда кіші әрі сарғайып кеткен. Мен бұл мәселені көтере бастағанда, ештеңе түсіндіре алмады", - деді кәсіпкер. Балалар үйінің қызметкерлері журналистерге үш шыршаны көрсетті. Айтуынша, оларды демеуші сыйға тартқан.Бірақ кәсіпкер де, шыршаны сатушы да мұнымен келіспейді. "Бұл менің тауарым емес. Мен шыршаларды дайындап жатқанда, Ресейге арнайы барып, әр ағашты таңдап аламын, оларды кескен кезде басқалармен араласпауы үшін бояумен белгілеймін", - деп түсіндірді сатушы. Ксения сурет бірнеше күн бойы жіберілмегенін, сол себепті камералардан видеоны көрсетуді сұрағанын, бірақ жұмысшылар видеоны көрсетпегенін жеткізді. "Мен ештеңе айта алмаймын. Бұл жағдайды анықтаймыз", - деді "Қостанай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы" КММ директорының орынбасары Динара Әлмұхамбетова. Ксения полицияға жүгінуге мәжбүр болды. Нәтижесінде балалар үйінің қызметкерлерінің бірі демеушілер әкелген шыршаны үйіне алып кеткенін мойындады. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, тағы екі шырша орнында тұр, бірақ Ксения мұнымен келіспейді. Енді бұл мәселені полиция тексеретін болады.