Қостанай облысында 100-ден астам көппқабатты үй жылу беру маусымына дайын емес. Тобыл өңірі жылыту маусымына жаз бойы дайындық жүргізді. Шіліңгір шілдеде аймақ басшысы арнайы жиын өткізіп, жөндеу жұмыстарына 18 миллиард теңге бөлінгенін мәлім етті. Алайда үйлер әлі «дайындық құжатын» алмаған көрінеді. Ал өзге өңірлерде жағдай қалай? Тілшілеріміз жеткізеді. Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ: Былтыр Рудный шаһарындағы жылу құбырында бірнеше рет апат болып, көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалған еді. Биыл өңір билігі ерте қамданды. Тамыз айында энергетикалық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары өзі келіп, кеншілер шаһары мен Қостанайдағы қазандықтардың жұмысымен танысты. Жауаптылар қазандықтар сақадай- сай деп сендірді. Әлеуметтік нысандар да түгел дайын дейді. Тек ескі үйлерде түйткіл бар. Мысалы мынадай екіқабатты нысандарға копперативтер мен бірлестіктер қызмет көрсеткісі келмейді. Шығыны көп. Тұрғындар өздері ақша жинап, ескі үйдің жыртығын жамауға мәжбүр. Татьяна ГОНЧАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бізді ешкім қарамағына алғысы келмейді.Өйткені бұл үйлер өте ескі. Пәтер иелері копперативіне қаншама рет бардық. Бізден қашады. Қараусыз қалған қырыққа жуық баспананы жылыту маусымына дайындауды қалалық билік өз мойнына алып отыр. Яғни тұрғындар ақша төлемейді деген сөз. Қазірдің өзінде 14 үйдің жылу құбыры тазартылып, тиісті жұмыстар жүргізіліпті. Денис ПЕТРУХНО,ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Пәтер иелері копперативі мен мүлік иелерінің бірлестігіне кірмейтін қырыққа жуық көпқабатты үй бар. Олардың жылыту маусымына дайындығын өз мойнымызға алып отырмыз. Және тартылған қаражат есебінен әлгі үйлердің жылу құбыры тазартылады. Қостанайдағы жылу құбырларын жаңартуға 5 миллиард 700 миллион теңге жұмсалған. Бөлім басшысы қыркүйектің соңына дейін шаһардағы 1228 үй жылу беру маусымына толық дайын болады деп отыр. Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ: Дегенмен, тағы бір мәселе бар, Қостанай жылу-энергетика орталығы қалың қарыздан бас көтере алмай отыр. Орталықтың дебюторлық қарызы 800 миллион теңгеден асқан. Оның тең жартысы- тұрғындардың коммуналдық төлемі. Қысы қатал аймақтың қазіргі ахуалы осындай. Ал оңтүстіктің қаһарлы маусымға дайындығы қалай?Оны әріптесім Айзада Төребекқызы айтады. Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Үшінші мегаполисте жылу құбырларының 37 пайызы тозған. Соларды жаңарту үшін биыл бюджеттен 5,2 млрд теңге қаражат қаралған. Қазір жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы жылу маусымына дайындық 1 қазанда толық аяқталады дейді жауаптылар. Арман ӘБДІХАЛЫҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 3,2 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары 8,8 шақырымға «Қуат жылу орталығы» тарапынан жұмыстар атқарылды. Екі жоба қайта құру, реконструкция дейміз, екі жоба -2.2 млрд теңгеге 4,5 шақырымға екі мердігер мекемемен жұмыс жалғасуда. Шымкенттің негізгі бөлігін жылумен қамтаасыз ететін 3-ші энергоорталық та биыл күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұған дейін мұндай ауқымды жұмыс жүргізілмеген. Бұдан бөлек «Қуат жылу орталығына» қарасты 23 бөлек орналасқан жылу қазандығы бар. Соның жиырмасы қысқа дайын дейді мамандар. Орталық жылыту жүйесіне қосылған 2 076 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 93 пайызы дайын. Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Мегаполистің жылуына жауапты өкілдер биылғы қысты Шымкент 100 пайыз қиындықсыз шығатындарына сенімді. Былтырғы қаһарлы қыста газ тапшылығынан аздап қиындық болғанын жасырмайды. Биыл ертерек оның да алдын алғанын айтады.