Әлеуметтік желіде қатты нөсерден зақымдалған пәтерлердің видеосы тарады. Онда пәтерлердің кергіш төбесіне су толып, пәтерлерге шелектер мен шаралар қойылған, төбеден су сорғалап ағуда. Қостанай әкімі Марат Жүндібаев тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Қостанай әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қалада қатты нөсерден Чернышевский және Байтұрсынов көшесіндегі екі тұрғын үйдегі бірнеше пәтер зақымдалды. Онда мердігер ұйым күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. «Осыған байланысты қала әкімі оқиға орнында тұрғындармен кездесіп, зардап шеккен тұрғындардың пәтерлерін көріп шықты. Тексеру барысында үйлердің шатырын шұғыл жабу үшін дереу қосымша жұмыс күшін тарту туралы тапсырма берілді. Сонымен қатар, ТЖМ қызметі мен коммуналдық ұйымдарға желілерді тексеру тапсырылды», - деді баспасөз қызметінен. Сонымен қатар, залалды анықтау үшін комиссия өкілдеріне зардап шеккен пәтерлерді аралап шығуды тапсырды. Ал мүлікті қалпына келтіру және пәтерлерді жөндеу бойынша барлық жұмыстар мердігер ұйым есебінен ұйымдастырылады. «Жұмыстар қала әкімінің жеке бақылауына алынды. Қала әкімі өзінің және қала әкімдігінің атынан тұрғындардан кешірім сұрайды, сондай-ақ осы жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды», - деді баспасөз қызметінен.