Костенко атындағы шахтадағы апатты тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия жұмысын аяқтады, деп хабарлайды ТЖМ ресми сайтында. 9 желтоқсанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы жарылысқа ұласқан өрттің себептерін тексеру жөніндегі Үкімет комиссиясының қорытынды отырысы өтті. ТЖМ мәліметінше, Қазақстанның, қиыр және таяу шетелдердің ғылыми-зерттеу және сараптамалық ұйымдарын тарта отырып, техникалық құжаттаманы, айғақтарды және басқа материалдарды зерделеу бойынша егжей-тегжейлі жұмыстар жүргізілді. "Нәтижесінде, өрт және метан-ауа қоспасының одан әрі жарылуы қырғыш конвейер элементтерінің соққысы мен үйкелісінен пайда болған механикалық ұшқыннан газдың (метанның) тұтануының болғаны анықталды. Газдың өзі астыңғы төсемеден бөлінген", - делінген үкіметтік комиссия мәлімдемесінде. Комиссия өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылушылықтарын да анықтады. Атап айтқанда, жұмыстың толыққанды ұйымдастырылмауы және қауіпті өндірістік факторларға қажетті өндірістік бақылаудың жоқтығы атап өтілді. Олардың қатарына тұрақты шахталарда шаң мен жарылысқа қарсы шараларды орындау да жатады. "Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз анықталып, жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға анықталды", - делінген хабарламада. Еңбек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына берілді.