Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша Костенко шахтасынан 42 адамның денесі табылды, 4 кеншіні іздеу жалғасуда.Аварияны жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы — Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов шахтаға түсті. Өрт және кеншілердің қаза болған жерлерді тексеру жүргізілді. Аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіруде. Ең қауіпсіз және кеншілер болуы мүмкін ықтимал учаскелер бойынша тау-кен құтқарушыларының өту жолдары пысықталуда. Іздестіру жұмыстары шамамен бір-бірінен 4 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесінің ауданында жүргізілуде. Тау-кен құтқарушылары қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Газ жағдайын бақылау жалғасуда. Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды. Шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 21 адам және 7 бірлік жедел медициналық жәрдем техникасы жұмылдырылды. Бұдан басқа, ТЖМ және Қарағанды облысының ТЖД-да республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.