Қосылған құн салығы көтерілмейді. Су жаңа Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін үкімет отырысында осылай деді. Ол бюджет кірістерінің басқа көздерін табу керек екенін айтты. Ал инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұруды міндеттеді. Мобильді аударымдар мәселесі де қайта қаралады. Жаңа үкімет тағы қандай мәселелерді көтерді? Тілшіміз Бекболат Сатуов баяндайды. Елімізде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс. Онда Қосымша құн салығының 12%-тен 16%-ке дейін ұлғайту көзделген еді. Жаңа үкімет басшысы Олжас Бектенов бүгін Үкімет отырысында құн салығы көтерілмейтінін айтып, көпшілікті қуантып отыр. Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Маңызды мәселе. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы яғни НДСтің ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірістерінің басқа көздерін табуымыз керек.Жанама салық түрі, қалтаға салмақ болмайды деп келінді. Шындығында теңге тиыннан құралады. Экономистер осы шешемді арқылы Үкімет үлкен инфлияциялық толқынның алдын-алды деп отыр. Себебі қосымша құн салығын өзгертпеу орта және шағын кәсіпкерлер үшін өте тиімді шешім болғанын айтады. Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ: Фискалды органдар ставканы көтермей керісінше салық кодексінде кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге жағымды климат жасайтындай, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік беретіндей жағдай жасауға бағытталған үлкен іс шара деп айтуға болады. Үкіметтің бұл бастамасын тұрғындарда құптап отыр. Олар қосымша құн салығының өспеуі, нарықтағы қымбатшылықтың алдын-алуға септеседі деп санайды. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Кәсіпкер үшін бұл үлкен қолдау. Бұны қайта және төмендету керек оны.- Иә, әрине қолдаймын енді ол жағын НДС-тің төмендеуін дұрыс деп ойлаймын. Кәсіпкерлер үшін де. Халыққа қолжетімді бағалардың болуына үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын.Су жаңа қаржы министрі Мәди Тәкиев болса, қамбаны қампайтам деп сендірді. Жоспары жасалған, ең бастысы салықты реттемек. Мәди ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: Жаңа функцияға сәйкес біріншіден біз ірі бизнесті әкімшелендіруді күшейтеміз. Екіншіден өзіміздің цифрландыру арқылы салық базасын кеңейтеміз. Ең бастысы бізде осы салық тәртіпті сақтап қалу. Мобильді аударым мәселесі де қайта қаралады. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров аударымдардың өлшемшарттары мен тетіктерін қарап шығатынын айтты. Нұрлан БАЙБАЗАРОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: Бұл – өте сезімтал мәселе. Сондықтан маған оны тағы бір рет қарау туралы тапсырма берілген. Біз қаржылық-экономикалық блоктың ішінде бұл мәселені қарастырамыз. Өлшемшарттарын, тетіктерін әлі де егжей-тегжейлі қараймыз. Бұл сұраққа қайта ораламыз. Бағаның өсуін тежеуге Үкімет айрықша көңіл бөлмек. Инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру міндетін қойды. Ол үшін мемлекеттік органдар Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.