Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қосымша құн салығы үшін өтемақы төленетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Желіде ҚҚС үшін өтемақы төлем енгізілгені туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылып жатыр. Тағайындалған қаражатты аудару үшін сілтемеге өту ұсынылған."Әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше, хабарламада көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес береміз", - делінген жауапта. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады.Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрғындардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұрады. Еске салайық, жалған ақпарат тарату заңмен жазаланады.