Kaspi баспасөз қызметі қазақстандықтарды алдаудың жаңа әдісі туралы ақпараттық хабарламаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.Бір күн бұрын әлеуметтік желілерде алаяқтардың Kaspi қосымшасы арқылы қазақстандықтарды алдаудың жаңа әдісін тапқаны туралы ақпарат тараған болатын. Атап өткендей, азаматтар «Шектеу туралы толығырақ» түймесін басқан кезде Kaspi-ден ақша автоматты түрде есептен шығарылатындығы туралы хабарлама алған. Kaspi баспасөз қызметі бұл хабарламаларға қатысты жауап беріп, бұл алаяқтықтың жаңа түрі екенін мәлімдеді. Бұл шындыққа жанаспайды және жалған. «Шектеу туралы толығырақ» батырмасын басқаннан кейін ақша есептен шығарылмайды. Есептік жазбаға салынған шектеу туралы ақпарат шығады. Бұл сот орындаушысынан келген хабарлама болуы мүмкін, – деді Kaspi. Сондай-ақ компания қазақстандықтарды ақпарат алу кезінде абай болуды және мессенджердегі жалған хабарламаларға сенбеуді сұрайды.