Мадина Сәдуақасова Қытайдың Үрімші және Құлжа аймағында концерт беріп, қандастарды қуантты. Оның айтуынша, отандық әншілер араға жеті жыл салып шеттегі қазақтар алдында өнер көрсеткен, деп жазады KAZ.NUR.KZ. "Қытай еліндегі концерттерге біз өте қатты дайындалдық. Біріншіден, 7 жылда алғаш рет қазақстандық әншілерге концерт беруге рұқсат берілді (үлкен жауапкершілік) Екіншіден, ол жақтың өте қатал заңдарына байланысты, өзіміз де, әніміз, сөйлейтін сөзіміз мың тексерістерден өтіп, өзіміз өтсек те, кейбір әндеріміздің орындалуына рұқсат ала алмадық. Сосын ғана, тек жанды дауыста орындау, костюмдер, LED- тегі көріністерге дайындадық … Ал шекарадан өтіп, біздің қандастарымыздың бізді қуана, құшақ жая қарсы алуы, қошеметі , өнерге, өнер адамдарына деген ерекше құрметі бізді бірден баурап алды. Театр залдары лық толы, шығуымызды тағатсыздана күтіп жатқан мыңдаған халық, ду қол шапалақпен, ыстық ықыласпен қарсы алуы, әр әніміздің сөзін біліп, қосылып, құшағымызды, сахнаны гүлге толтырып тастады. Неше түрлі сыйлықтар, ойыншық, әтір, үлкен кісілер қолындағы алтын сақиналарын шешіп беріп, қамзол мен орамалдарын жауып, баталарын беріп, көздеріне жас алып , біздерді жібергісі келмей... Қандастарымыздың шексіз махаббатты, сағынышы тебірентті, жүрегімді елжіретті, шын … Көзге еріксіз жас келе берді, залдағы бар адамды құшақтағым келді…. Басқаша сезімдер, сөзбен жеткізе алмайтын… Осы ән сапарым менің жүрегімде мәңгі сақталатыны сөзсіз… Концертке келген, келе алмай қалған, концертті телефондағы тікелей эфир арқылы көріп, тамашалаған жандарға мың-миллион рахмет. Оссылай бізді қошеметке бөлегендеріңіз үшін бас идім алдарыңызда", - деп жазды әнші.