Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы медициналық орталығының Қостанай облысындағы күндері өтті. Соның аясында 19 күрделі операция жасалып, алпысқа жуық адамға дәрігерлік кеңес берілді. Орталықтың білікті мамандары үш күндік сапарында жергілікті әріптестеріне тың әдістер үйретіп, тәжірибелерімен бөлісті.Қостанай облысына Астана, Алматыдан медицина саласының 32 білікті маманы ат басын тіреді. Олар емдеу барысында қолданылатын замануи әдістерімен бөлісіп, ғылыми-клиникалық бағыттағы тың тәсілдерді үйретті. Алексей ЦОЙ, ҚР ПІБ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Әр өңірде білікті дәрігерлер, тәжірибелі мамандар бар. Ал оларды біздің орталықта енгізілген заманауи әдістермен таныстырса, кәсіби тұрғыдан шыңдалады.Науқастарды түрлі орталықтарға жібермей өздері емдеуге, жәрдем көрсетуге жол ашылады. Яков СТЕРЛИГОВ, «ОҚЖЕТПЕС» ЕМДЕУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ: Астана қаласында орналасқан орталық ауруханалардың жетекші мамандары шет елдерде өз тәжірибесін алып жатыр. Және қазіргі таңда осы тәжірибесін біздің бас мақсатымыз өңірлерде жұмыс істейтін медицина саласындағы мамандарға үйретіп, тек қана облыс орталықтарында ғана емес, әрбір ауылға осы біздің білімдерін жеткізу. Медициналық орталықтың білікті мамандары өңірдің емдеу мекемелерінде 20 шеберлік сабағын өткізді. Қостанай мен Рудный қалаларында 19 күрделі операция жасады. Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі 65 процентке артқан. Құмар АҚСАҚАЛОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ: Осы жылы 377 медицина қызметкерін түрлі орталықта қайта даярлықтан өткізу жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырамасына сәйкес, жаңа денсаулық сақтау нысандарының құрылысы басталады. 2023-2024 жылдары ауылды жерлерде барлығы 25 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орындары пайда болады. Облыс әкімдігі мен медициналық орталық арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қос тарап өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытып, сапалы медицналық көмектің қолжетімділігін арттыру жолында ынтымақтастықты нығайта түспек.