Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан: халық үндестігі» уақытша тақырыптық қор көрмесі ұсынылып отыр. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі мәлімдеді.1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі болатын даңғыл жолды бастап келеді. Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдеріне ортақ отан болып тұр. Этникалық бейбітшілік пен келісім саясаты мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі болып саналады. Ашылған көрменің басты мақсаты – Президенттік орталықтың музейлік экспонаттары арқылы тұрақтылықты нығайту, ұлтаралық келісім, мәдениетаралық диалогтың қазақстандық үлгісінің жетістіктерін көрсету.Көрмеде ұсынылған бірегей заттар Қазақстан Республикасының түрлі этностарының тарихи өзара қарым-қатынасын, олардың ынтымақтастығы мен мәдени қалыптасуын ашады. Тәжік қабырға кілемі – сюзане, түрікмен ұлттық папахасы немесе гүлдермен кестеленген орыс халық рушнигі секілді экспонаттар арқылы келушілер түрікмен, өзбек, әзербайжан, беларусь, орыс, корей және басқа халықтардың ұлттық киім, ыдыс-аяқ, кілем тарихымен жақынырақ таныса алады.Көрмеде Президенттік орталықтың киімдер, кілем және киіз, жұмсақ инвентарь, кәдесыйлық бұйымдар, ыдыс-аяқ, бейнелеу өнерінің туындылары және материалдық мәдениет заттары топтамаларынан 200-ден астам музейлік құндылықтары ұсынылған.