«Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні Бишімбаевтың пышақпен жүргенін көрдім». БАУ ресторанының бұрыңғы қызметкері сотта осындай тың дерекпен бөлісті. Куәгер күдіктінің сол күні мас болғанын, «мен әйелімді өлтіріп қойдым ба?» деп қайта-қайта сұрағанын айтты. Тіпті, Қуандық «мен неге бұлай істедім?» деп өзін-өзі өлтіргісі келген, - дейді. Толығырақ Аружан Задабек айтады. «Мен оны сүйдім ғой». Бұл- Қуаныш Бишімбаевтың Нүкенова қайтыс болған сәтте айтқан сөзі. Оны куәгер Абылайхан Ерденов естіген. Марқұм өмірден өткен күні күдікті екеуі ресторанға келген. Ондағы қызметкерлерге жұбайлар отырған кабинаға кіруге тыйым салыпты. Біраз уақыттан кейін екінші күдікті Бақытжан Байжан барменді көмекке шақырған көрінеді. Барғанда күдіктінің пышақпен жүргенін көрген. Өзін-өзі өлтіргісі келіп жүр деп ойлап, тоқтатуға тырысқан. Артынша полицияны шақырады. Абылайхан ЕРДЕНОВ, КУӘГЕР: Ол пышақты алып әжетханаға қарай жүгірді. Ішіне кіріп алды. Біз Бақытжан екеуміз қорқып кеттік. Өзін өлтіргісі келіп жатыр деп ойладық. Ал, бұл – ресторандағы барлық бейнежазбаны өшірген қызметкер. Оған бұл тапсырманы екінші күдікті Бақытжан Байжан берген. Куәгер видеоны өшірер алдында ол жерде түскен кадрларды көрмедім, - дейді. Басшылық бұйырған соң, себебін де сұрамаған. Артынша оның экс-бастығы одан мүсәтір спиртін әкелуді өтінген. Қалмұрат МОЛДАҚАШ, КУӘГЕР: Мен сол күні әкімшіден ресторан неге жұмыс істемей тұр деп сұрадым. Ол жауап берді. Кейін Бақытжан Байжан шұғыл түрде спирт әкелуімді сұрады, мен орталық жанындағы сауда орталығына барып, сұраған затын алып келдім. Спирттің не үшін керегін сұрамадым. Марқұм Нүкенованың ағасы қарындасының күйеуін қатты жақсы көргенін, соңғы демі қалғанша оны қорғаштағанын айтады. Сол үшін бұған дейін қанша рет соққының астында қалса да, ажыраспады, - дейді. Тіпті, сот отырысына Нүкенованың көкала қойдай таяқ жеген суретін ала келген. Айтбек АМАНГЕЛДІ, С. НҮКЕНОВАНЫҢ АҒАСЫ: Осы фотоны 20 наурызда Салтанат маған жіберді. Мұны кешкі сағат тоғыз шамасында жолдапты, бірақ мен іс-шарадан келген соң ғана көрдім. Ол уақытта түнгі бір еді. Екі фотода ұрып-соққаннан кейінгі жағдайы түсірілген. Менің ойымша, мақсатты түрде жұдырықпен бірнеше рет ұрған. Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот отырысы 1 сәуір күні жалғасады.