Құмар ойыннан айыққан адамдардың 70 проценті ескі әдетін қайта бастайды. Мамандар осылай дейді. Бұған айналасындағы адамдар мен отбасы әсер ететінін айтады. Сондықтан, бұл – жеке бастың ғана емес, қоғамның проблемасы. Әріптесім Ақбота Базарбай құмар ойынға салынған жандардың жағдайына үңіліп көрді.Елімізде ойын бизнесінде жұмыс істеуге лицензиясы бар 50 ұйым бар. Оның 26-сы букмекерлік кеңсе, 6-сы казино, ойын автоматы қойылған 10 зал, 2500-ге жуық бәс тігу пункті, 8 тотализатор бар. Жарнамасы жер жарып, әр жерден бір жылт ететін бұл ойындар кез-келгенге қолжетімді.Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ: Құмарпаздардың жағдайын біліп, құмар ойын отауының тыныс-тіршілігімен танысу үшін қаптаған букмекерлік кеңселердің біріне бас сұқтық. Біз куә болған жағдайлардың бәрі бір-біріне ұқсас. Үлкен экран, бәс тігуге арналған орын, ара-тұра қуанған, кіжінген дауыстар. Қызметкерлердің айтуынша, мұнда келетіндердің көбі – тұрақты «қонақтар». Арасында күндіз-түні шықпайтындар да бар дейді. Ал өзін Әлішер деп таныстырған бұл жігіт қазір арнайы ем алу орталығында жатыр. Өзінің құмар ойынға тәуелді екенін мойындаған. Алғашында қызық үшін басталған ойын кейінірек айықпас дертке айналды дейді. Әлішер, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Спордан басталды. Досымыз екеуіміз екі командаға спорластық, сосын отырып мың теңгеден қоя саламыз деп. Мен ұттым. Сонда ұтқаным 2700 теңге мың теңгеден. Көп емес. Үлкен бір мәселе болған кезде, ақша жетпей қалған кезде ойыма сол уақыт келді. Неге қайтадан ақша тігіп, ұтып көрмеске деп. Бұл орталықта жатқандардың барлығы бастапқыда қызық үшін десе, кейін ойынға салынып кеткен. 8 миллион теңгеден 50 миллионға дейін желге шашқан. Владислав ДАНИЛЮК, ОРТАЛЫҚТЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Ойынға құмарлық ауқымды проблемаға айналып барады. Қазір олардың саны 2-3 есеге күрт өсті. Олар үшін басты ем психологиялық тұрғыда саналарын тазалап, басқа арнаға бұру. Әрине, өзгеріс бірден болмайды, бірақ нәтиже бар. Көбіне олардың өздері емес, жақындары, ата-аналары хабарласады. Себебі олар бастапқыда болып жатқан жағдайды мойындағылары келмейді. Қазақ¬станда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады. Ал бір ойыншының орташа қарызы – 10 млн теңге. Асанғазы ҒҰСМАНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: 8 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 46 ойын орындары бұғатталды. 2 казино, 110 ойын терминалдары, 52 процессор, 50 монитор, фишка және 3 млн соммасында ақша қаражаттары толықтай табылып, мемлекет кірісіне өндірілді. Сонымен қатар 2412 сайт интернет ішіндегі заңсыз ашылған ойын сайттарын бұғаттау жұмыстары атқарылып жатыр. Енді елімізде лотерея билеттерін таратуға, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерде, жатақханаларда, балалар, білім беру, медициналық және мәдениет ұйымдары, ғибадат және діни ұйымдар орналасқан ғимараттарда лотерея терминалдарын қоюға тыйым салынады. Сонымен қатар букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына шектеу енгізілмек. А. Базарбай