Twitter жазбаларын оқуға жаңа уақыт шектеуі енгізіледі. Тексеруден өткен пайдаланушылар - күніне 10 мың, тексерілмеген аккаунттар - 1 мың, тексерілмеген жаңа аккаунттар - 500 твитті ғана қарай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл жайында Илон Маск өзінің Twitter парақшасында мәлім етті. Ол сенбі күні күнделікті оқуға болатын жазбаның санын үш рет өзгертті. Біресе верификацияланған пайдаланушыларға - 6 мың, одан өтпегендерге - 600, ал жаңа қолданушыларға - 300 десе, содан кейін лимитті сәйкесінше 8 мың, 800 және 400-ге дейін көтерді. Ең соңғы постында ол ақыры тексеруден өткен пайдаланушыларға - күніне 10 мың, тексерілмеген аккаунттарға - 1 мың, жаңа аккаунттарға - 500 твит оқуға болады деген межені бекітті. Маск мұндай тыйым «деректерді жинау мен жүйені басқарудың өте жоғары деңгейіне» байланысты енгізіліп отырғанын түсіндірді. Бұған дейін Twitter көп қолданушылары әлеуметтік желі жұмысы іркілгенін айтып шағымданған еді.