«Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ келісілмеген құрылысты анықтау үшін әуеайлақ маңындағы аумақты жылына екі рет тексереді. Осы жұмыс барысында мамандар 30 нысанды тексерген. Көбі «Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларын» бұзып тұр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz. Әуеайлақ маңында құстардың жаппай жиналуына ықпал ететін мал фермалары бар. Бұл әуе кемелерінің құстармен соқтығысуына себеп болуы мүмкін. «Барлық нысан әуеайлақтың ұшу-қону жолағынан 4 шақырымдық аймақта орналасқан. 2014 жылдан бастап біз жыл сайын осы мәселені шешу бойынша Маңғыстау облысының әкімдігіне, Түпқараған ауданының әкімдігіне және тиісінше көлік прокуратурасына өтініш-хат жолдаймыз. Бұл мәселе облыс әкімдігінің бақылауында», - дейді «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ жауабында.